Павлодарда болашақ бизнес көшбасшылары анықталды
Байқауға Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларынан және облысқа қарасты аудандардан келген 50-ге жуық бастамашыл жастар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастарға қызмет көрсету орталығының басшысы Жандарбек Қабдраштың айтуынша, шараның басты мақсаты – жастардың кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, инновациялық ойларын дамыту және олардың бизнес-идеяларын жүзеге асыруға қолдау көрсету.
Start-Up конкурс «YoProject» байқауы – облыстық деңгейде ұйымдастырылған ауқымды жоба.
– Біздің басты мақсатымыз – жастардың бойындағы бастамашылдықты қолдап, оларды кәсіпкерлікке баулу. Қаржылық қолдау көрсету құқығымыз болмаса да, біз «Даму» қоры мен кәсіпкерлік бөлімі өкілдерін шақырып, жастарды мемлекеттік бағдарламалар арқылы бағыттап отырмыз. Әр жоба – жаңа мүмкіндік, – деді Жандарбек Қабдраш.
Байқау барысында қатысушылар өз идеяларын таныстырып, қазылар алқасы алдында жобаларын қорғады. Соның ішінде, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушылары Ерлан Темірбай мен Әділхан Қалау өздерінің ғылыми жобасын таныстырды.
Олар өсімдік қалдықтарынан левулин қышқылы негізінде экологиялық таза биотұтқыр отын өндіру әдісін ұсынды.
– Біз мұнайдың қоршаған ортаға зиянды әсерін азайту жолдарын іздедік. Сол арқылы экологиялық таза, баламалы энергия көзін жасауға болатынын дәлелдедік, – дейді жас ғалымдар.
Қатысушылар ұсынған жобалардың бағыты әртүрлі болды – экология, білім беру, әлеуметтік сала және заманауи технологиялар. Соның бірі Аяна Искакова гран-при иегері. Оның Skills Time» атты әлеуметтік жобасы топ жарды. Ол С. Торайғыров атындағы университетінің жас студенті.

– Skills Time – бұл жастарға тегін білім алмасуға және өз дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін онлайн-платформа. Жоба арқылы әрбір қолданушы өз қабілетін бөлісіп, басқадан жаңа нәрсе үйрене алады. Қазіргі кезде оқу курстары мен сертификаттар алу өте қымбат. Мен жастардың өзара тегін үйреніп, тәжірибе алмасуына жағдай жасағым келді. Мысалы, мен гитарада ойнай аламын, ал басқа адам ағылшын тілін біледі – біз бір-бірімізді тегін үйрете аламыз, – дейді Аяна Искакова.
Қазіргі таңда жоба әзірлеу сатысында тұр. Платформаны толық іске қосу шамамен бір жыл көлемінде жоспарлануда.
Барлық жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.