Павлодарда болашақ музыка жұлдыздары іріктелуде

Жарты ғасырдан асқан облыстық байқауда музыка саласындағы үздіктер таңдалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Дарынды балалар мен дарынды ұжымдарды анықтайтын жас музыканттардың 58-ші облыстық фестиваль-байқауы өтуде. Көп жылдық тәжірибесі бар ұстаздар әрі қазылар алқасының мүшелері екі күн бойы облыстағы музыкалық мекемелердің оқушылары мен студенттерінің өнеріне баға береді. Облыстың 12 ауданынан өнерпаздар бас қосып, жүлделі орындарды сарапқа салды.
Байқау «Қазақ халық аспаптары» және «Орыс халық аспаптары» номинациялар бойынша өтеді. Қатысушыларды үш жас категориясына бөлген, олардың әрқайсысының өз жеңімпаздары болады. Ансамбльдер бөлек марапатталады.
– Біз балаларды әрқашан объективті, мұқият бағалаймыз. Музыканттарға өз өнерлеріне және құрдастарының өнеріне талдау жасап, байқауларға қатысу маңызды. Олар бәсекелесіп, бір-бірін тыңдап, үнемі жаңа дүниені үйренуі керек. Байқаулардан кейін жас музыканттар мамандығына деген көзқарасын бірден өзгертіп, алға жылжуды сезінеді, – дейді КР еңбек сіңірген әртісі және ұстаз Виктор Денисенко.
Біздің заманымыздың көптеген танымал музыканттары – осы фестивальдің жүлдегерлері. Павлодар музыка кешенінің басшысы Серік Сыздықов өз тәжірибесімен бөлісті.
– Жарты ғасырдан астам уақыт өткен бұл байқаудың өзіндік тарихы мен дәстүрі бар. Көптеген танымал музыканттар өз мансабын дәл осылай бастады. 1994 жылы өзім қатысып, екінші орынды иелендім, бұл менің кәсіби өнерге жолдамам болды, – деді басшы.
Фестивальдің ең жас қатысушысы Атамекен кентінің тұрғыны, музыка мектеп-интернатының оқушысы 7 жасар Нұрымран Ниязбек баян аспабында «Ехал казак за Дунай» шығармасын таза орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
– Домбыра тартуды армандадым, бірақ баянда ойнауды үйренуге бардым. Баян – өте қымбат және ауыр аспап, бірақ маған қатты дыбысы үшін ұнайды. Сахнаға алғаш рет алты жасымда шықтым. Қазіргі таңда жатқа білетін 6-7 шығарманы ойнай аламын, – деді бала музыкант. – Қазан қаласында екінші орынды жеңіп алдым, ал 27 ақпанда Алматыда өтетін байқауға барып, «Юный ковбой», «Швейцарский танец», «Қамажай» сияқты туындыларды ойнаймын.
Қазылар алқасының қорытындысы ертең белгілі болады. Музыкалық байқаулардың жеңімпаздары кәсіби шығармашылық жолының бастауы болатын республикалық байқауға қатысуға жолдама алатын болады.
Фото: Есенжол Исабек