Павлодарда «Бойжету» муралының жұмысы аяқталды
Қалада өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен ержету кезеңіне арналған көркем туындылар топтамасының екінші бөлігі бой көтерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Өнерлі шаһар» жобасы аясында өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен ержету кезеңіне арналған көркем туындылар топтамасының екінші бөлігі – «Бойжету» муралының жұмысы аяқталды.
Композицияның ортасында кітап оқып отырған қыз бала бейнеленген. Оның бейнесі білімге құштарлықты, рухани дамуды және дүниетанымның қалыптасуын білдіреді. Туындының мазмұнын халқымыздың бай мәдени мұрасының символы – домбыра мен отбасы бірлігін, қара шаңырақтың қасиетін және ұрпақтар сабақтастығын бейнелейтін шаңырақ толықтыра түседі.
– Муралдың негізгі идеясы – отбасылық дәстүрлерді сақтаудағы және рухани құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізудегі әйелдің ерекше рөлін дәріптеу. Өйткені бала кезден бойға сіңген тәрбие мен ізгі қасиеттер келешекте берік отбасының, саналы ұрпақ тәрбиесінің және қоғамның адамгершілік құндылықтарын сақтаудың негізіне айналады, – деді қалалық ішкі саясат бөлімінің баспасөз қызметі.
Муралды салу жұмыстарын Павлодар қаласының «Artflow-team» шығармашылық тобы орындады.

Бұған дейін осы жоба аясында ұл баланың ер жетуі мен болашақ азамат ретінде қалыптасуына арналған «Ержету» муралы салынған болатын. Екі туынды бірігіп, ұрпақ тәрбиесі, отбасылық құндылықтар мен ұрпақтар сабақтастығы туралы ортақ ойды жеткізеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram