Павлодарлық әртістер Республика күніне орай тегін қойылым ұсынады

Павлодарлық әртістер Республика күніне орай тегін қойылым ұсынады
Фото: театрдан

Бұл дәстүр театрда бұрыннан қалыптасқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка‐драма театры Республика күніне арналған ерекше тарту әзірледі  – мереке күні көрермендер үшін кіру тегін болады. 

– Әртүрлі мерекелерге түрлі қойылымдар дайындаймыз. Бұған дейін Халықаралық әйелдер күніне және Қазақстан халқының бірлігі күніне қойылымдар қойдық. Оған қоса Халықаралық балалар күніне орай бүлдіршіндерге тегін ертегілер сахналаған едік, – деді театрдың әдеби-драма бөлімінің меңгерушісі Аружан Оразова.

Мерекелік күнге ұсынылатын «Оян, қазақ...Ойлан, қазақ!» қойылымы – елін қырғынға ұшыратқан Голощекин саясатына қарсы ерлікпен тұрғаны және азаттық идеясын сатқандардың да өз арамыздан табылғанын терең суреттейді. Айта кетейік, биыл Міржақып Дулатовтың 140 жылдық мерейтойы атап өтілуде.

Қойылымның авторы – Ерсайын Төлеубай, режиссері – Жанат Хаджиев. Аталмыш спектакльдің премьерасы 2018 жылы өткен. Басты рөлдерді Руслан Нығман, Нұржан Сарқамбаев және Бейбіт Шәнім сомдайды. 

Бұл маусымда өнер ордасы төрт қойылым және екі ертегінің тұсауын кеседі. Маусымның алғашқы премьерасы «Мұғалім» спектаклі 21 қазан күні көрсетіледі. Қойылым мұғалім мамандығының қадір-қасиеті және олардың психологиялық қорғансыздығы сынды тақырыптарды қамтиды.

Еске сала кетейік, Дильназ Қиятова Жанат Хаджиев атындағы VI халықаралық театр фестивалінде Бертольт Брехтің «Пері қатын» драмалық абсурдында сөйлемейтін қызды сомдағаны үшін «Екінші пландағы әйел рөлі» номинациясында жеңіске жетті.

Ағымдағы жылы театрда алғашқы режиссер Ерсайын Тәпенов пен көптеген жылдар бойы жұмыс жасаған актер Бекболат Оқасовты еске алу кештері ұйымдастырылды.

Өнер ордасы 36-шы маусымның шымылдығын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орайластырып, Мұхтар Әуезовтің "Ерте ояндым, ойландым," "Жас Абай" қойылымдарымен ашты.