Павлодарда бәйгеден Қазақстан чемпионатының іріктеу кезеңі өтті

Павлодарда бәйгеден Қазақстан чемпионатының іріктеу кезеңі өтті
Фото: Константин Шелков

Дүбірлі додада 50-ге жуық шабандоз бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық «Құлагер» ипподромында бәйгеден Қазақстан чемпионатының 6-шы іріктеу кезеңі өтті. Жарыс бәйгенің құнан, топ, аламан түрлері бойынша ұйымдастырылды. Жүлде қоры 23 миллион 500 мың теңгені құрады. Республикалық бәйге федерациясының вице-президенті Жомарт Сайболатов жарыста ең мықты аттар ғана өнер көрсететінін атап өтті.

– Қатысушылар өте жоғары деңгейдегі шабандоздар. Негізі бұл чемпионатқа ең мықты аттар қатысады. Сондықтан қатысушылардың саны аса көп емес. Бәйгенің деңгейіне сай аз қаражат бөлінген жоқ. Бұл кезеңнен сұрінбей өткендер финалдық бәйгеде бақ таластыратын болады. Әрбір бәйгенің түрінен 5 шабандоз ғана ақтық кезеңге өтеді, - дейді Жомарт Сайболатов.

Спикердің айтуынша, әр дода сайын жаңа жылқылар қатысып отырады. Бір бәйгеден жүлде алған ат келесі бәйгеге қатыса алмайды. Сондықтан кімнің жеңетіні белгісіз. Алайда атбегілер арқылы жылқының мықтылығын анықтауға болады. 

Құнан  бәйгеге түсіп, жүзден жүйрік атанған шабандоздық есімі – Абзал Тұрғанбек. Жасы 12-де болса да дүбірлі додаларда талай мәрте өнер көрсетіп жүр. Ол Алматы облысының тумасы болса да, павлодарлық атбегінің жылқысын тізгіндеді. Бұған дейін жаз шабандоз түрлі бәйгелердің жеңімпазы атанған. 

– Бүгін мен «Лашын» деген атпен шаптым. Бәйге ойындарына қатысып жүргеніме 3 жылдың жүзі болды. Бұған дейін Қызылорда, Шымкент сынды облыстарда өткен чемпионаттардың жеңімпазы атандым,- дейді жеңімпаз Абзал Тұрғанбек. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Абзал бүгінгі таңда отбасын асырап жүрген жас шабандоз. Бала жылқы тани біледі. Атбегілердің көбі бұл шабандоздың өнерін білгендіктен, балаға таласады екен. 

Сонымен 10 шақырымға шапқан «Құнан бәйгеде» 1-орын Абзал Тұрғанбек, тұлпарының есімі «Лашын», 2-орын Болат Абдукәрім, тұлпарының есімі «Көгершін», 3-орын Аңсар Арыстанбек, тұлпарының есімі «Айбарша».

Ал  17 шақырымда бақ сынаған «Топ бәйге»де Мирас Нағашыбай тізгіндеген «Ардана» есімді тұлпар шашасына шаң жұқтырмай топ жарды. Ізінен Алибек Әбдікенов шапқан «Ертұран» келсе, үшінші болып мәреге Нұрәлі Нұржанұлы шапқан «Шырақ» атты тұлпар келді.

Сонымен қатар, 23 шақырымда ұйымдастырылған «Аламан бәйгеде» Арнұр Саматұлы тізгіндеген «Тамаша» тұлпары көмбеге бірінші болып жетсе, Абзал Тұрғанбек тақымдаған «Тойбастар» тұлпары келді. Үздік үштікке ілініп, шылбыр берген Даниял Ақбаев шапқан «Толқын» есімді тұлпары.