Павлодарлық полицей халықаралық турнирдің чемпионы атанды

Павлодарлық полицей халықаралық турнирдің чемпионы атанды
Фото: Полиция департаменті

Турнир таэквондо спорты бойынша өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы қаласында ITF таэквондодан "Kazakhstan open tournament" атты халықаралық турниріне еліміздің барлық өңірлерінен 500-ден астам спортшы қатысты. Оларға таэквондоның барлық бөлімдері, соның ішінде спорттық спарринг, тақтайларды сындыру, арнайы техника, адаптивті таэквондо бөлімдері енгізілді. Бұл турнирге Павлодар облысының полицейі Арман Әжібай қатысты. 

75 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалдық жекпе-жекте Арманның  қарсыласы Алматы қаласынан болды. Ол жоғары жауынгерлік қасиеттерін көрсете отырып, дене шынықтыру мен техникалық дайындықтың тамаша деңгейінің арқасында жеңіске жетті. 

Бұл - 25 жастағы полицейдің алғашқы спорттық жеңісі емес. Спорт шебері, Қазақстан Республикасының төрт дүркін чемпионы, Азия чемпионатының қола жүлдегері. Оның осы спорт түрінен қара белбеуі бар. Сондай-ақ халықаралық турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері.

Шара соңында жеңімпаздарға медальдар мен грамоталар табысталды.