Қайта жаңғырған «Ертіс» бағалы жүлде үшін тартысқа түспек
Футболдан Қазақстан Кубогінің жеребесі тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Алдын-ала кезеңде 19 клуб алты топқа бөлінді. Павлодардың «Ертісі» көкшетаулық «Оқжетпес», алматылық «Хан Тәңірі» мен AKAS командаларымен бірге «А» тобына түсті. Ойындар 11-19 наурыз аралығында Шымкентте өтеді.
Бес дүркін чемпиондармен бірге Кубоктің топтық сатысында Павлодар облысының тағы екі өкілі – «Ақсу» мен «Екібастұз» ойнайды. Біріншісі «F» тобында Түркістан облысының «Қыраны» мен «Жетісайына» қарсы тұрады. Ал «Екібастұз» «Тараз» бен «Түркістанмен» қатар, «С» тобында өнер көрсетеді.
Топ жеңімпаздары өзара плей-офф кезеңіде 1/8 финалға шығатын үш жолдама үшін тартысады. Осы сыннан сүрінбеген жағдайда «Ертіс» петропавлдық «Қызылжарға» қарсылас атанады.
Плей-офф матчтары 21-23 наурызда, 1/8 финал – 13-14 сәуірде, ал Кубок финалы 23 қыркүйекте өтеді.