Павлодарлық волейболшылар Республика күніне арналған акцияны қолдады
Турнирді өткізуді қатысушылардың өздері ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
13-17 жас аралығындағы қыздар арасында волейболдан «Еріктілер кубогы» турнирі өтті. Ұйымдастырушылар - «Олжа» жастар бастамаларын дамыту орталығы.
Ямышево, Шақат, Заря, Мичурино, Черноярка, Чернорецк, Луганск, Рождественское, Заңғар және Ольгино ауылдарынан 10 мектептің командалары қатысты.
Аудандық жастар бастамаларын дамыту орталығы директорының айтуынша, байқау қатысушылардың бастамасымен ұйымдастырылған.
– Кездесулердің бірінде жастар волейболдан жарыс өткізуді өтініп жүгінді. Бұл идеяны ауыл мектептерінің дене шынықтыру мұғалімдері де қолдады, – деді Заур Совет.
Турнир қорытындысы бойынша Заря мектебінің волейболшылары қола жүлдегер атанса, Шақат ауылының қыздары екінші орын алды. Чемпион кубогы Кеңес ауылдық округіндегі Ямышевская мектебіне бұйырды.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, еріктілер кубогы командалар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Аталған шараны жыл сайын өткізу жоспарда бар.
Фото: аумақтық «Олжа» ЖБДО
Әсия Серікова