Павлодарда діни бірлестік өкілдері католик шіркеуінің аумағында қарағай көшеттерін отырғызады

Павлодарда діни бірлестік өкілдері католик шіркеуінің аумағында қарағай көшеттерін отырғызады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Іс-шара Рухани келісім күні аясында ұйымдастырылуда, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Қазақстанда 18 қазанда 30 жылдан аса уақыт, көпэтностық және көпконфессиялық қоғамның бірлігі мен толеранттылығын көрсететін айтулы мереке – Рухани келісім күні аталынып келеді. 

Қазіргі кезде облыс аумағында 13 түрлі конфессияның өкілдері болып табылатын 167 діни қауымдастық пен 16 діни миссионер діни жоралғыларды белсенді жүргізеді. 

Рухани келісім күні аясында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, өңірдің діни бірлестік өкілдері католик шіркеудің аумағында қарағай көшеттерін отырғызуды жоспарлап отыр.  

– Біздің діндеріміз әртүрлі болғанымен, шаңырағымыз – біреу. Бір ел болған соң осы елдің бірлігі, ынтымағы, татулығы, берекесі әрбір адамға байланысты болады. Бұл ретте, әрине, діни қызметкерлердің жұмысы өте маңызды. Өйткені дін адамды жақсылыққа шақырады, жамандықтан қайтарады. Сондықтан да дамып, әрі қарай ілгері қозғаламыз дейтін болсақ, дінаралық келісім болуы керек, – деді Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің бас имамы Жолдас қажы Бердымұратұлы. 

Осы орайда діни ұйымдардың тұрғындарға көрсетіп жатқан қайырымдылық көмектерін атап өткен дұрыс. Мысалы, осы аптада  «Иисус Христос» шіркеуі Павлодар қаласында аз қамтылған тұрғындар тобына  50-ден аса азық-түлік себетін таратпақ.

Айта кетейік, Павлодар облысының аумағында бүгінгі таңда 109 мұсылмандар мешіті, 25 православиялық, сегіз католиктік, 21 протестанттық бағыттағы шіркеу бар. Сондай-ақ, 19 мешіт салынып жатыр.