Павлодарда қауіпті инфекцияға шалдыққан екі адам аман қалды

Павлодарда қауіпті инфекцияға шалдыққан екі адам аман қалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

1975 және 1990 жылы туған науқастарға «жедел бактериялық инфекциялық эндокардит» диагнозы қойылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының дәрігерлерінің айтуынша, бұл ауру жүректің ішкі қабығын зақымдап, алдымен митралды, кейін аорталық қақпақшалардың бұзылуына әкеледі. Аурудың басты ерекшелігі – оның алғашқы белгілері тұмау, жедел респираторлық инфекциялар, пневмония немесе созылмалы бронхит сияқты кең таралған сырқаттарға ұқсас болуы. Соның салдарынан науқастар дер кезінде қажетті ем ала алмай, уақыт жоғалтады.

Аталған екі жағдайда да науқастар ұзақ уақыт бойы амбулаториялық ем қабылдаған. Инфекция жүрек қақпақшаларын қатты зақымдап, ауыр жүрек жеткіліксіздігін туғызған. Сонымен қатар, науқастардың бірінде ауыр инсульт дамыған.

– Кардиологиялық орталыққа жеткізілген кезде екі пациенттің де жағдайы өте ауыр болды. Дәрігерлер олардың өмірін сақтау үшін жоғары технологиялық күрделі операциялар жасап, зақымданған жүрек қақпақшаларын алмастырды. Қазіргі уақытта науқастарға инфекцияның қайта өршуіне жол бермеу мақсатында кешенді ем жүргізілуде. Оның ішінде арнайы таңдалған қуатты антибактериялық терапия бар, – деді орталықта. 

Дәрігерлердің мәліметінше, жыл басынан бері жастар арасында инфекциялық эндокардиттің тағы екі жағдайы тіркелген. Сондықтан мамандар ұзақ уақыт бойы түспейтін дене қызуы, әлсіздік, ентігу және аяқтың ісінуі сияқты белгілер байқалған жағдайда дереу дәрігерге қаралуға кеңес береді.

Айта кетейік, операциялар мен кейінгі қымбат емдеу шаралары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында толықтай тегін көрсетілді.