Павлодар облысында энергетика саласында мамандар жетіспеушілігі қатты байқалуда
Мамандар мұндай жағдай жалақының көтеруімен шешіледі деп үміттенеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Олег Щемель мәлім етті.
– Энергетикаға кездейсоқ келген адамдар болмайды. Ондай адамдар кәсіптің өзіне сай келмейтінін тез түсінеді. Бұл жерде ерекше тәртіп бар. Жұмысқа күні-түнімен дайын тұру керексің,– деді Олег Щемель.
Оның сөзінше, Павлодарда қандай да бір өшірулер орын алған жағдайда инженерлер, монтерлар жетіспейді.
– Жағдайдың анық-қанығын білген кезде инженерлердің жалақысы 156 мың теңге болғанын анықтадық. Әрине, осындай жалақыға ешкім барғысы келмейді. Мәселе мынада: жас мамандар оқуды бітіргесін бізге келіп, тәжірибе алған соң жалақысы жоғары жерлерге кетіп жатады,– деді ол.
Олег Щемельдің пікірінше, жылына екі рет жалақыны көтеру арқылы мамандар тапшылығы мәселесін шешуге болады.
– Мамандықтың беделі де жоқтың қасы. Жиналған кезде адамдардан: «балаларыңызды энергетик мамандығына оқуға жібересіздер ме?» деген кезде үнсіздікті байқаймын,– деді спикер.– Бізде көп жылдар істейтін инженер өзінің баласын жергілікті жоғары оқу орнына жылуэнергетика мамандығына бермек болған. Алайда студент саны аз болғасын топ ашылмады.
Оның сөзінше, «Павлодарэнерго» АҚ шамамен 850 маман жетіспейді. Әсіресе жас мамандар қызығушылық танытпайды. Кәсіби энергетик пен инженерлер тәжірибесі жоқ, алайда талпынысы бар адамдардан білікті мамандарды дайындауға әрдайым ашық.