Павлодар облысында алдағы аптада ауа температурасы +20 градусқа дейін көтеріледі
Түнде және таңертең облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында тұман күтіледі, жолдарда көктайғақ болуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазгидромет» РМК мамандарының мәліметінше, 28 наурыз бен 3 сәуір аралығында өңірде негізінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Түнгі уақытта ауа температурасы -3-тен +2 градусқа дейін, облыстың шығысында -6 градусқа дейін төмендейді.
28 наурыз күні күндіз +6…+11 градус, кей жерлерде шығыс пен оңтүстікте +14 градусқа дейін көтеріледі. Келесі күндері ауа температурасы біртіндеп жоғарылай береді: 29–31 наурыз аралығында термометр бағандары +10…+17 градусқа дейін жетеді.
1 сәуірден бастап өңірде ауа температурасы көтеріледі. Түнде -3…+2 градус, оңтүстікте +5 градусқа дейін, ал күндіз +15…+20 градусқа дейін жетеді деп болжануда.
Алғашқы күндері жел шығыстан секундына 5–10 метр жылдамдықпен соғады, кейін солтүстік-шығысқа ауысып, 9–14 метрге дейін күшейеді. Сәуірдің басында солтүстік-батыс желі осы шамада сақталады.
3 сәуір күні күндіз облыстың батысы мен оңтүстігінде жаңбыр және найзағай болуы мүмкін. Сонымен қатар, түнде және таңертең көпшілік аудандарда тұман сақталады.