Павлодарда Digital Qazaqstan Day – 2026 өңірлік форумы басталды

Павлодарда Digital Qazaqstan Day – 2026 өңірлік форумы басталды
Фото: автор

Жасанды интеллект, Smart City, цифрлық егіздер және IT-стартаптарды дамыту билік өкілдері, IT-сарапшылар, кәсіпкерлер мен жас әзірлеушілер бас қосқан кездесудің негізгі тақырыптарына айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда Digital Qazaqstan Day – 2026 цифрландыру жөніндегі өңірлік форум өтіп жатыр. Қатысушылар өңірдің цифрлық трансформациясын, жасанды интеллектіні түрлі салаларға енгізуді және жергілікті IT экожүйесін дамыту перспективаларын талқылауда.

Форумды ашқан Павлодар облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ердос Жүсіпов индустриялық өңір үшін цифрландыру экономикалық дамудың негізгі факторларының біріне айналып келе жатқанын атап өтті.

– Бүгінде цифрлық технологиялар мемлекеттік басқарудың тиімділігіне, экономиканың дамуына және халықтың өмір сүру сапасына әсер етеді. Павлодар облысы үшін цифрлық трансформация өнеркәсіпті жаңғыртуға, инфрақұрылымды дамытуға және заманауи IT экожүйесін қалыптастыруға жаңа мүмкіндіктер ашады, – деп атап өтті ол.

Басқарма басшысының айтуынша, өңірде цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу бойынша 52 іс-шараны қамтитын жоспар бекітілген.

Басым бағыттардың бірі – Smart City жобасы. Жоба аясында білім беру және денсаулық сақтау саласындағы 156 нысанға бес мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Екібастұзда жылу желілерінің цифрлық моделі енгізілді. Ол инженерлік инфрақұрылымның жұмысын модельдеуге және проблемалық учаскелерді анықтауға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект әлеуметтік салада да қолданылады. Тоғыз айда 83 мыңнан астам өтініш қабылдаған 109 бірыңғай байланыс орталығында сөйлеуді тану және өтініштерді автоматты өңдеу технологиялары енгізілуде. Денсаулық сақтау саласында PACS медициналық кескіндерді орталықтандырылған сақтау және өңдеу жүйесі жүзеге асырылып жатыр. Жасанды интеллект көмегімен 22 медициналық ұйымның радиологиялық зерттеулерін талдау және онкологиялық ауруларды ерте анықтау көзделген.

Цифрландыру өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын да қамтиды. Облыс кәсіпорындарында 50-ден астам цифрлық жоба жүзеге асырылған, тағы 28 жоба жоспарланған. Аграрлық секторда жалпы көлемі 1,7 миллион гектар болатын барлық егіс алқаптары цифрландырылған. Дәлме-дәл егіншілік технологиялары, агродрондар мен интеллектуалды датчиктер қолданылады.

Жеке бағыттардың бірі – есептеу инфрақұрылымын дамыту. Екібастұзда қуаты 200 МВт болатын, болашақта 1 ГВт-қа дейін кеңейту мүмкіндігі қарастырылған деректер орталығын салу жобасы пысықталуда. Қуаты 50 МВт болатын алғашқы кезеңін 2027 жылғы маусымда іске қосу жоспарланған. Сондай-ақ Firebird AI KZ компаниясы 3,5 миллиард доллар көлемінде инвестиция салу жоспарын жариялады. Оның ішінде қуаты 109 МВт деректер орталығын салу да бар.

Форумда ірі инфрақұрылымдық жобалармен қатар, бизнеске нақты міндеттерді шешуге көмектесетін технологиялық әзірлемелер де таныстырылуда.

Qoldam жобасының негізін қалаушы Думан Тоқашев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына арналған цифрлық платформаны таныстырды. Ол әртүрлі жүйелерді біріктіріп, дебиторлық берешекпен жұмыс істеу үдерістерін автоматтандырады.

– Біз әртүрлі жүйелерде шашыраңқы орналасқан үдерістердің барлығын бір ашық жүйеге біріктіруге тырыстық. Нәтижесінде берешекті қайтару мерзімін шамамен 90 күннен 20 күнге дейін қысқарттық. Бұл қаражаттың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жылдам оралуына және нарық қатысушылары арасында тиімді бөлінуіне мүмкіндік береді, – деді Думан Тоқашев.

Оның айтуынша, жоба акселерациялық бағдарламаға іріктеуден өтіп, финалистер қатарына енген. Қазір команда платформаны одан әрі енгізуге дайындалып жатыр.

Тағы бір маңызды бағыт – IT мамандарын даярлау. Өңірде Pavlodar Hub дамып келеді. 2025–2026 жылдары мұнда 100-ден астам білім беру және технологиялық іс-шара өткізіліп, 42 стартап-жоба тіркелген.

Сондай-ақ Павлодарда бағдарламалау мен жасанды интеллектіні үйрететін тегін Tomorrow School мектебінің кампусы жұмыс істейді. Оқыту практикалық тапсырмаларға, командалық жұмысқа және қатысушылардың бір-бірінен үйренуіне негізделген.

– Біздің басты мақсатымыз – IT саласына қажетті мамандарды даярлау, адамдарға жаңа мамандық игеруге, біліктілігін арттыруға және өз жобасын іске қосуға мүмкіндік беру. Оқу үдерісі икемді форматта ұйымдастырылғандықтан, оны жұмыспен немесе басқа оқумен қатар алып жүруге болады, – деді Tomorrow School Павлодар кампусының жетекшісі Ильдар Асанов.

Digital Qazaqstan Day – 2026 бағдарламасында пленарлық сессия, IT-сарапшылардың баяндамалары, сегіз команда қатысатын Smart City тақырыбындағы Idea Battle жобалар байқауы және Modus Trade компаниясымен бірлескен хакатонның ашылуы қарастырылған. Форум интерактивті Kahoot викторинасымен және жеңімпаздарды марапаттаумен аяқталады.