Павлодарлық студенттер пластиктен жіп шығарған

Павлодарлық студенттер пластиктен жіп шығарған

ИнЕУ студенттері республикалық экологиялық жобалар байқауының жеңімпаздары атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодарда ЖОО студенттері арасында республикалық экологиялық жобалар байқауының финалдық кезеңі өтті. Ұйымдастырушылар –«Қазақстан алюминийі» АҚ және «ЭКОМ» ҚБ. 

ИнЕУ атынан төрт команда қатысты. Іріктеу кезеңінен келесі турға тек екі команда жолдама алды. Байқау нәтижесі бойынша бірінші орынды ИнЕУ студенттерінің «EcoMeta RePlastic» жобасы алды. Командада Тимур Садықов, Сабыр Оспанов және Руслан Фаткулин жұмыс істеді.

– Қазақстан мен Павлодар облысында  жыл сайын пластиктің үлкен көлемі шығарылады, ал өңдеу көрсеткіші 30% -дан да төмен. Сондықтан біз арнайы білдек арқылы  пластикті жіптерге айналдыру  жобасын ұсындық. Бұл жіптерді 3D принтерлерде қолдануға болады. Қазіргі уақытта бұл пластикалық жіптер сұранысқа ие өнім болып табылады және ол Қазақстанға Қытайдан әкелінеді, – деді жобаның мүшесіТимур Садықов.

Жобаның негізгі мақсаты–қайта өңдеу және қайта пайдалану үшін пластик жинау мәселесін шешу болды. Бұл жаңа идея экологиялық проблемаларды шешіп қана қоймай, қазақстандық өндірісті дамытуға жол береді.  

– Жобалармен жұмыс жасай отырып, барлық студенттер экологиялық талаптарды ескере отырып, зерттеу жұмыстары мен өнім модельдерін, өндірістік процестерді әзірлеу дағдыларын көрсетті. Жүлделі орынға ие болған жобада балалар білдек әзірледі,– деді экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Сергей Беспалый.

Жалпы байқауға еліміз бойынша 68 өтінім келіп түскен. Бірінші кезеңде әділ қазылар үздік 40 жобаны таңдап алды. Әділ қазы мүшелерінің құрамына экологтар, қоршаған ортаны қорғау саласында жұмыс істейтін мемлекеттік орган өкілдері кірді.