МӘМС: Павлодар облысының ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді

МӘМС: Павлодар облысының ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биылдан бастап әлеуметтік осал топтар медициналық қызметті жергілікті бюджет есебінен ала алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Павлодар филиалы Успен және Шарбақты аудандарында ақпараттық жұмыстарын жалғастырды. Қор қызметкерлері ауылдық елді мекендердің тұрғындарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысу және сақтандырылған азаматтардың құқықтары туралы түсіндірді.

Қазіргі уақытта Шарбақты ауданында МӘМС-пен қамтылған тұрғындар саны 84,4% құраса, Успен ауданында бұл көрсеткіш одан да жоғары – 85,2%.

– Биылғы жылдан бастап МӘМС жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілген. Енді әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар қажетті медициналық қызметтерді жергілікті бюджет есебінен ала алады. Осы топтар үшін сақтандыру жарналары да жергілікті бюджеттен төленеді. Бұл өзгерістер сақтандырылған азаматтар санының артуына оң әсер етеді деп күтілуде, – деді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Павлодар облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Филиалда атап өткендей, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МӘМС жүйесіне деген сенімді арттыру және медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында халыққа ақпарат беру жұмысын жалғастыра береді. Сонымен қатар, қор медициналық көмек сапасына тұрақты мониторинг жүргізе отырып, пациенттердің құқықтарының бұзылуын анықтап, оларды жою жұмыстарын да атқарады.