Бір күнде екі жүкті әйел санитарлық авиациямен Павлодарға жеткізілді

Қазіргі таңда науқастарға облыстық перинаталдық орталық мамандары көмек көрсетуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жедел жәрдем қызметінің бөлімшесі болып табылатын санитарлық авиация қызметіне екі өтініш 28 наурызда түскен. Екі науқастың да жағдайы ушыққан.
– Ертіс өңірінен келіп түскен өтініш үш сағатқа жетпей қаралды. 43 жастағы әйел Павлодарға әуе көлігімен жеткізілді. Ақсулық 37 жастағы науқас жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Өтініш түскеннен кейін екі сағаттан соң облыстық перинаталдық орталықтың мамандарына тапсырылды, – деді облыстық жедел жәрдем станциясында.
Осы күні санитарлық авиация қызметкерлері тікұшақпен Екібастұзға да ұшты. Көптеген жарақат алған 34 жастағы ер адам мамандандырылған көмекке мұқтаж болды. Екібастұз қалалық ауруханасынан түскен өтініш екі сағатта қаралды. Науқас №1 Павлодар қалалық ауруханасына жеткізілді.
Айта кетейік, жыл басынан бері Павлодар авиамедициналық қызметі 83 өтінішті орындады. Оның ішінде әуе көлігімен 20 науқас жеткізілсе, ал жол көлігімен 63 адам жеткізілді.