Павлодарда еріктілерге шағын гранттар ұсынылады
Өңірде мемлекеттік емес 22 волонтерлік ұйым бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Ризат Рахимжанов мәлім етті.
Жастар бастамаларын қолдау орталығының жанында волонтерлік орталық қызмет жасайды. Құрылым волонтерлік ұйымдар мен волонтерлерді біріктіреді.
– Аймағымызда мемлекеттік емес 22 волонтерлік ұйым және 500-ден астам бастамашыл топ бар, – деді Ризат Рахимжанов. – Еріктілер саны 22 мыңнан асады. Олар қызметтерін ауыр ауруға шалдыққан балаларға көмектесу, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдармен жұмыстан бастап, аумақтарды абаттандыру, су айдындарын тазарту мен жоғалып кеткен адамдарды іздеу жұмыстар сияқты өте көп бағыттар бойынша жүзеге асырады.
Биыл Павлодар облысының ішкі саясат бөлімі бастамашыл топтар мен волонтерлік ұйымдар арасында «Volunteer experience» шағын гранттар байқауын бастады. Байқау бес бағыт бойынша өтеді. Жеңімпаздар жобаларын жүзеге асыруға 500 мың теңгеге ие болады.
Айта кетейік, «Қазақстан Қызыл Ай» ҚҚ еріктілері Павлодар облысының аудандарындағы қарғын су кіріп кеткен үйлердің тұрғындарына көмек көрсеткен болатын.