Павлодарда ернін ұлғайтқан тұрғын сотқа жүгінді

Павлодарда ернін ұлғайтқан тұрғын сотқа жүгінді
Фото: pixabay.com

Ол косметологтың білікті маман емес екенін білмеген, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, ведомство 2024 жылдың сегіз айында 19 сот процесіне қатысқан, оның жетеуі сотпен қанағаттандырылған, тұтынушылардың пайдасына екі миллион теңгеден астам ақша қаражаты қайтарылған.

Мәселен, департамент үшінші тұлға ретінде қатысқан процестердің бірінде тұтынушыға ерінді үлкейту бойынша сапасыз қызмет үшін 400 мың теңге өтелді. Биыл наурыз айында тұтынушы  Instagram әлеуметтік желісінде ерінді ылғалдандыру бойынша жарнаманы көріп, барып көруді шешеді. Дегенмен, косметологтың білікті маман емес екенін білмеген. Тұтынушы сапасыз косметологиялық процедурадан кейін екі апта бойы ерін массажына барады, – дейді департаментте. 

Сот отырысында «косметолог» сол кезде косметология бойынша курс оқығанын және павлодарлықты ерінді үлкейту рәсіміне модель ретінде қабылдағанын түсіндірген. Процедурадан кейін тұтынушы ернінің қышуы, ісінуі және түйіршіктерге шағымданған. Әрі қарай енгізілген препаратты түзету мақсатында тұтынушыға үш рет массаж жасалған. Осыдан кейін «косметолог»  тексеріп, препаратты алып тастауды және ерінді түзетуді ұсынған, бірақ тұтынушы ұсыныстан бас тартқан, өйткені ол қызмет нәтижесіне риза болмаған. 

12500 теңге сомасындағы қызмет құнының жартысы оған қайтарылды. Осыдан кейін қала тұрғыны филлерді шығару және ерінді түзету бойынша басқа косметологтардың қызметіне жүгінген.

Кейінірек сотта «косметолог» косметологиялық қызметтерді заңсыз жүзеге асырғанын мойындап, бұрын дерматокосметолог маманға сәйкес келуі тиіс талаптар мен стандарттар туралы білмегенін хабарлады. Қазіргі уақытта ол косметологиялық қызмет көрсетпейді және жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген.

Айта кетейік, егер тұтынушы осындай жағдайға тап болса, өз құқықтарын қалпына келтіру үшін генерал Дүйсенов көшесі, 9 мекенжайы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады. Сондай-ақ E-otinish.gov.kz өтініштерді қабылдаудың бірыңғай платформасы, E-tutynushy.kz бірыңғай ақпараттық жүйесі немесе 8(7182)551070 сенім телефоны арқылы хабарласа алады.