Павлодарда Ертіс өзені арқылы салынып жатқан жаңа көпірдің дайындығы 95 пайыз

Павлодарда Ертіс өзені арқылы салынып жатқан жаңа көпірдің дайындығы 95 пайыз
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодарда Ертіс өзені арқылы салынып жатқан жаңа көпірдің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. 2026 жылғы 19 қазандағы мәлімет бойынша, нысанның дайындық деңгейі 95 пайызды құрады. Көпірдегі автокөлік қозғалысын 2027 жылдың мамыр айында ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаңа көпір «Қызылорда – Павлодар – Успенка – Ресей Федерациясының шекарасы» республикалық маңызы бар автомобиль жолының 1381-шақырымында салынып жатыр. Ол Павлодар қаласының шығыс айналма жолының маңызды бөлігіне айналады.

Төрт жолақты нысан транзиттік көлік ағынын қайта бөлуге, қолданыстағы көпірге түсетін жүктемені азайтуға және өңірдің жол желісінің өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

Жобаның жалпы құны – 71,4 миллиард теңге. Құрылыс жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024 жылы басталған.

Қазақстандағы алғашқы экстрадозды көпір

Жобаның басты ерекшелігі – Қазақстанда алғаш рет экстрадозды технологияның қолданылуы. Бұл әдіс арқалықты және аспалы көпір конструкцияларының артықшылықтарын біріктіреді.

Көпірдің тұтас бетоннан жасалған аралық құрылымының ұзындығы 678 метр, ені шамамен 32 метр болады. Нысан алты тірекке сүйенеді: екеуі өзен жағалауында, төртеуі Ертістің арнасында орналасқан. Аралық тіректерде жүктемені біркелкі бөлуге арналған төрт пилон мен жоғары төзімді ванттар жүйесі қарастырылған.

Құрылыс кезінде теңгерімді бетондау технологиясы пайдаланылып жатыр. Оның ерекшелігі – көпірдің аралық құрылымдары тіректердің екі жағынан бір мезгілде, симметриялы түрде жеке секциялармен тұрғызылады. Осылайша, Ертіс арнасына қосымша уақытша тіректер орнатудың қажеті жоқ.

Жоба үшін неміс мамандарымен бірлесіп арнайы құрылыс агрегаттары әзірленген. Әрқайсысының салмағы 157 тонна болатын жабдықтар 250 тоннаға дейінгі жаңа құйылған бетонды ұстап тұрып, көпірдің бүкіл ені бойынша ұзындығы төрт метрлік секцияларды бетондауға мүмкіндік береді.

Көпірдің барлық аралық құрылымдары біріктірілді

2026 жылдың қазан айында құрылысшылар «алтын түйісу» деп аталатын маңызды кезеңді аяқтады. Яғни қарама-қарсы бағыттардан тұрғызылған көпірдің аралық құрылымдары біріктіріліп, тұтас конструкцияға айналды.

Бұл жұмыс кезінде температураның әсері, құрылымдардың майысуы және бетонның ерекшеліктері ескерілген. Нақты біріктіру үшін геодезиялық жабдықтар мен автоматтандырылған мониторинг жүйесі қолданылды.

Мердігер ұйымның 19 қазандағы ақпаратына сәйкес, осы жұмыстар аяқталғаннан кейін көпір құрылысының дайындық деңгейі 95 пайызға жеткен.

Қазір ванттардың тартылуын және алдын ала кернеу жүйесін реттеу, жол төсеміне гидрооқшаулағыш және қорғаныш қабаттарын орнату, асфальт төсеу, қоршауларды монтаждау жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар, ұзындығы 2,1 шақырым болатын кірме жолдың құрылысы жалғасып жатыр.

Құрылыстың негізгі кезеңінде нысанға 300-ден астам маман мен 86 арнайы техника жұмылдырылған.

Көпірдегі қозғалыс қашан ашылады?

Бастапқыда көпірдегі көлік қозғалысын 2026 жылдың соңына дейін ашу мүмкіндігі қарастырылған. Алайда маусымдық ауа райы мен жол жабынының сапасына қойылатын технологиялық талаптарды ескере отырып, мерзім 2027 жылдың мамырына ауыстырылды.

Бұл асфальтбетон жабынын қолайлы температурада төсеуге және жұмыстардың сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал бүкіл жобаны аяқтаудың шартта белгіленген мерзімі өзгеріссіз қалды – 2027 жылдың желтоқсаны.

Жаңа көпір қолданыстағы автомобиль көпіріне түсетін жүктемені азайтуға да ықпал етеді. 1962 жылы салынған ескі көпірдің техникалық сипаттамалары қазіргі жүк көтергіштік пен өткізу қабілетіне қойылатын талаптарға толық сәйкес келмейді.

Жаңа нысан пайдалануға берілген соң жолаушылар мен жүк тасымалына қосымша мүмкіндік ашылып, транзиттік көліктердің қозғалысы жеңілдейді. Сондай-ақ Павлодардың шығыс айналма жолы арқылы көлік ағынының бір бөлігін қайта бағыттауға жағдай жасалады.