Павлодарда есірткілік мас күйде электрскутер басқарған жүргізуші ұсталды

Павлодарда есірткілік мас күйде электрскутер басқарған жүргізуші ұсталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ер адам бұған дейін көлік басқару құқығынан жеті жылға айырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, патрульдік полицейлер Иса Байзақов көшесінде Kugoo M5 Pro электрскутерін басқарған ер адамды тоқтатқан. Оның көлік жүргізу мәнері тәртіп сақшыларының күдігін тудырған.

Медициналық куәландыру жүргізушінің есірткіден масаң күйде болғанын растады. Сондай-ақ оның бұған дейін көлік құралын басқару құқығынан жеті жыл мерзімге айырылғаны анықталды.

Жинақталған материалдар сотқа жолданып, электрскутер арнайы тұраққа қойылды.

– Көлік құралын мас күйінде басқару жүргізушінің өзінің және жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді. Бұл әсіресе мотокөлік жүргізушілері үшін қауіпті, өйткені олар соқтығысу немесе құлау кезінде жарақаттан қорғайтын қауіпсіздік құралдарымен толық қамтамасыз етілмеген, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкенов.

Полиция мотокөлік жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерін сақтауға, мас күйінде көлік басқармауға, мотошлем мен қорғаныс құралдарын пайдалануға және қауіпсіз жылдамдықты таңдауға шақырды.