Павлодарда ең үлгілі отбасы анықталды

Павлодарда ең үлгілі отбасы анықталды
Фото: Константин Шелков

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс орталығында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының марапаттау рәсімі өтті. Конкурсқа жүзден астам өтініштер түскен.  Оның ішінен ақтық мәреге тек 13 отбасы ғана жеткен. Он аудан мен үш қаладан келген  жанұялар ең үлгілі, үздік отбасы атағы үшін тартысты. «Кенжекөл жастары» бірлестігінің үйлестірушісі Жұлдыз Молдыбаеваның айтуынша, биыл жыл сайын өткізілетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына 10 жыл толды.

– Қатысушылар арасында ұстаздар, дәрігерлер, жұмысшы қатарында жүрген әулеттер де болды. Бір сөзбен айтқанда, кәсіби салада, қайырымдылық пен  қоғамдық өмірде жетістіктері бар жанұялар қатысты,– деп түсіндірді Жұлдыз Молдыбаева. 

«Мерейлі отбасы» байқауының талаптарына сәйкес қатысушы жанұялар ұлттық құндылықты дәріптеп, басқаларға үлгі болатындай, қоғамдық өмірге белсенді қатысып, іс-шаралаға қатысып тұру шарт болды. 

Конкурстың нәтижесі бойынша бірінші орынды Баянауыл ауданынан келген Мұрсаловтар әулеті иеленді. Оларға мұздатқыш камерасы сыйға тартылды. Екінші орынды Май ауданының Тулкин жанұясы еншіледі. Отбасы мүшелеріне кешенді асүй пешін сыйлады. Ал үшінші орын Ақсулық Ахтановтар әулетіне бұйырды. Сыйлық ретінде оларға ауа баптағыш берілді. 

Байқауда үздік атанған Мұрсаловтар әулеті бала жанының бағбаны болған жандар. 

Ұстаздар әулетінде тәрбие алған қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Айнагүл Мұрсалованың айтуынша, «Мерейлі отбасы» байқауына олар алғаш рет қатысып отыр. Әулеттің жалпы еңбек өтілі 193 жылды құрайды. Яғни үш ұрпақта ұстаздық етіп жүр.

– Бір белесті бағындырып алайық деген ниетпен қатысуды жөн көрдік. Бұл сайысқа қатысу қызық та, қиын болды. «Мерейлі отбасы» деген –ол үлкен ұлттық сайыс. Сондықтан бұл белесті бағындыра алсақ  болашақта кейінгі ұрпаққа үлгі болатын үлкен жанұя боламыз деп ойладық,– деді Айнагүл Мұрсалова.

Әулеттің отағасы, әкесі 30 жылдай Баянауыл ауданының үш ауылында мектеп директоры, әрі тарихшы болып жұмыс істеді. Отбасының ұйытқысы, балаларына үнемі ақыл айтып жүрген аналары еңбек пәнінің мұғалімі. Айнагүл үйдің үлкені, оның екі сіңілісі қазақ тілі мен әдебиет пәнінің ұстаздары. Ал тағы бір сіңілісі әкесінің жолын қуып мектеп директоры атанды. Кіші інісі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Отбасында жалпы 19 немере бар. Оның ішінде екі қыз бала ағылшын пәнінің, ал біреуі математика пәнінің ұстазы. 

Тәлімгерліктен бөлек Мұрсаловтар әулеті ұлттық спорт түрін дәріптеп жүр. 

– Тек қана ұстаздықты алып отырғанымыз жоқ, ұмытылып бара жатқан спорт түрлеріне де қатысып жүрміз. Атап айтқанда, асық ату, көкпар, тазы жарысын  жанұямызбен дәріптеудеміз. Облыстық, республикалық іс-шараларда алғашқы орындарды алып жүрміз,– деді Айнагүл Мұрсалова.

Енді Мұрсаловтар әулеті республикалық деңгейде облыстың атын 9 қыркүйекте Астана қаласында қорғайтын болады.