Павлодарда футбол маусымы ашылды
Өкінішке орай, жоғары дивизионда Павлодар облысының өкілдері жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Орталық стадионде семейлік «Елімай» мен «Атырау» арасындағы Қазақстан Премьер-лигасының бірінші туры аясындағы матч өтті. «Елімай» осы ойын арқылы Премьер-лигаға қайта оралуын атап өтті.
Семейлік футболшылары Павлодарға жанкүйерлерін ала келді және де олар Павлодардың орталық стадионында өздеріне ғана емес, «футбол тойынан» тыс қалған павлодарлық жұртшылыққа да көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ойынға келсек, Андрей Карпович шәкірттері «мұнайшылардың» шабуылдарына тойтарыс беріп, өздері Егор Хаткевич қорғаған қақпаға лап қойды. «Елімайды» павлодарлық футболшы Дмитрий Шомко бастады. Екінші таймда шыққан семейлік «Шоша» атанып кеткен Еркебұлан Нұрғалиев ойынды одан сайын қыздыра түсті. Дегенмен, семейліктерге сәттілік серік болмай, матч 0:0 есебімен аяқталды.
- Андрей Карпович шәкірттері тәуір ойын өрнегін көрсетті десем, қателеспеймін. Матч нөлдік есеппен аяқталғанымен, «Атырау» секілді қарсыласқа қарсы матчта бір ұпай еншілегеніміз де жақсы нәтиже. Меніңше, бізді әлі талай жарқын жеңістер күтіп тұр, - деп ойын ортаға салды семейлік журналист Дінмұхамед Бейсембаев.
Премьер-лиганың келесі матчы Павлодарда 6 наурызда өтеді. Ол күні астаналық «Жеңіс» қарағандылық «Шахтерді» орталық стадионда қабылдайды.