Павлодарлық жедел жәрдем әйелді үйде босандырып алды

Биылғы жылдың басынан бері бұл облыс бойынша үйде босанудың бесінші жағдайы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сағат 16:18-де жедел жәрдем қызметіне 29 жастағы Павлодар тұрғынының босану басталғаны туралы қоңырау келіп түскен. Әйел адам 41 апталық жүктілік кезеңінде болған.
Медициналық топ оқиға орнына төрт минуттың ішінде жетті. Дүниеге қыз бала келді. Босанғаннан кейін 103 қызметкерлері ананы баласымен бірге Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізді.
– Желіде жұмыс істейтін кез келген медицина қызметкеріміз әйелдерді босандыра алады, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ольга Вербовая. – Біз тек туу процесі туралы ғана емес, сонымен қатар ана немесе жаңа туған нәрестеге арнайы медициналық көмекті қажет ететін төтенше жағдайлар туралы айтып отырмыз. Біздің станцияда халықаралық стандарттар бойынша шұғыл көмек көрсету курстары жүргізіледі, біздің әрбір жедел жәрдем көлігіміз адамдарды, соның ішінде жаңа туған нәрестелерді құтқаруға қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Айта кетерлігі, бұл Павлодар облысында жыл басынан бері бесінші үйде туған нәресте.