Асайын Байханов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласында болды

Асайын Байханов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласында болды
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Сапар барысында облыс әкімі «Шахтер» стадионына - «Екібастұз» футбол клубының аренасына барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, онда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету үшін трибуналарды қайта жаңарту жоспарланған. Жұмыстарды жазда жүргізу жоспарлануда.

Одан кейін облыс әкімі «Жасыбай» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде футболмен айналысатын қыздардың ата-аналарымен кездесті. Әйелдер футболын дамыту мәселелерімен ата-аналар қауымы өңір басшысына әлеуметтік желілер арқылы хат жазып, жүгінген болатын. Кездесу қорытындысы бойынша Асайын Байханов спорт басқармасына қала әкімдігімен бірлесіп команданы демеушілік қолдау мәселесін пысықтауды тапсырды.

Әрі қарай Асайын Байханов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кеншілер қаласында салынып жатқан балалар шығармашылық сарайының құрылыс барысын тексерді. Бұл оқушылардың бос уақытын, шығармашылық және интеллектуалды дамуының IT-орталығы болады. Жоба бойынша жалпы ауданы 7200 м2 болатын 4 қабатты ғимараттың құрылысы қарастырылған.

Қазіргі уақытта ғимараттың іргетасы құйылып, жертөле қабаты салынуда және бағаналардың металл құрылымдары орнатылуда. Облыс әкімі барлық жұмыстарды жобаға сәйкес, сапалы және уақытылы орындауды тапсырды.

Сондай-ақ, өңір басшысы ЖМ-7/1 жылу магистралінің құрылысын тексерді, қазір Қонаев көшесі арқылы өтетін өткелді бетондау жұмыстары жүргізілуде. Жерасты жұмыстары 100%-ға орындалды, ал, жер үсті бөлігіндегі магистральдың 600 метрінде жұмыстар жүргізілуде. Әкім техникалық судың магистральдық құбырын салу барысымен танысты, бұл Екібастұз ЖЭО-на техникалық суды үздіксіз беруге мүмкіндік береді. Осы нысан бойынша барлық құрылыс-монтаж жұмыстары орындалды. 12 км құбыр толығымен салынып, 24 құдық орнатылды. Құбырды іске қосу жылу беру маусымы аяқталғаннан кейін орындалатын болады.

Сапар соңында Асайын Байханов Екібастұз ЖЭО-дағы су жылыту қазандықтарының цехына барып, Екібастұз қаласында жылу беру маусымын өткізу мәселелері бойынша жиналыс өткізді. Биыл ауқымды жұмыстар жүргізілді - 4 жылу магистралі қайта жаңартылды, ЕЖЭО-ның барлық 10 қазандық агрегаты жөнделді, көпқабатты тұрғын үйлердің үйішілік желілері дайындалды. Жылу беру маусымы штаттық режимде өтуде.

Сонымен қатар, алдағы жылу беру маусымдарының үздіксіз өтуін қамтамасыз ету үшін биыл да ЕЖЭО жабдықтарын, сондай-ақ, қаланың жылу магистральдарын жаңғыртуды жалғастыру қажет. «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-на Екібастұз әкімдігімен бірлесіп, 2024 жылғы 10 наурызға дейін кеншілер қаласын жылумен жабдықтау жүйесін одан әрі қайта жаңарту жөніндегі алдағы 2 жылға арналған жұмыс жоспарын ұсыну тапсырылды.