Павлодарда газды қару қолданып, әріптестерін жаралаған экс-полицей сотталды
Ол «полиция подполковнигі» арнайы атағынан айырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласы № 2 сотында ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің оқу орталығы-кадр саясаты бөлімінің бастығына қатысты газды қаруды қолдану арқылы жасаған бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды (ҚК 293-бабының 3-бөлігі).
Былтыр қаңтарда облыс орталығында Сұрағанов көшесінде орналасқан бильярд клубының алдындағы көлік тұрағында айыпталушы бұзақылық ниетпен жарық-шуылмен және газды патрондармен жабдықталған газды тапаншамен, психикалық зорлық-зомбылық құралы ретінде қасақана пайдаланып, екі ер адамға бірнеше рет оқ атқан. Олар оның әрекетін нақты қауіп ретінде сезініп, одан қаша бастаған, ал айыпталушы кейіннен қылмыс орнынан кетіп қалған.
– Сот қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайды: асырауында үш жас баланың болуын, жауапкершілікті ауырлататын мән-жайды қабылдаған антын бұзуды ескере отырып, ер адамды ҚК 293-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп таныды және үш жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады,– деді қалалық № 2 сотының баспасөз қызметінде.
Ол сондай-ақ «полиция подполковнигі» арнайы атағынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.