Павлодар облысында есірткі қылмысына тартылған жасөспірімдер саны артты

Павлодар облысында есірткі қылмысына тартылған жасөспірімдер саны артты
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Бір ғана қате қадам жастардың тағдырын түбегейлі өзгертуі мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында есірткінің заңсыз айналымына қарсы жұмыстар күшейтілді. Ағымдағы жылдың алғашқы жеті айында құқық қорғау органдары 147 қылмыстық іс қозғап, оның 66-ын сотқа жолдаған. Заңсыз әрекеттерге қатысы бар 59 азамат қолға түсті. Олардың екеуі – кәмелет жасына толмағандар.

Жедел шаралар барысында заңсыз айналымнан 388 килограмнан астам есірткі заты тәркіленді. Оның шамамен төрт килограмы синтетикалық есірткілерге тиесілі.

Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ирина Тимиргалиеваның айтуынша, жастардың есірткіге байланысты құқық бұзушылықтарға тартылуын ерекше алаңдатарлық жағдай деп бағалайды.

– Кей жағдайда бір ғана ойланбай жасалған қадам жас адамның бірнеше жылын бас бостандығынан айыру орындарында өткізуіне әкелуі мүмкін, – деді ол.

Маманның айтуынша, өткен жылы өңірде есірткіге қатысты қылмыс жасаған жеті кәмелетке толмаған ұсталған. Олардың әрқайсысына алты жыл сегіз айдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

– Сол істердің бірінде Мұзафар Әлімбаев атындағы мектептің оқушысы болған. Жасөспірімнің мақсаты есірткі бизнесіне араласу емес, ақша тауып, өзіне қажетті заттар мен жаңа гаджет сатып алу болған. Алғашында оған 6,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Апелляциялық шағымнан кейін мерзімі қысқарғанымен, ол жазасын кәмелетке толмағандарға арналған мекемеде өтеуге мәжбүр болды, – деді Ирина Тимиргалиева.

Биыл ұсталған екі жасөспірімнің бірі Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде білім алған, екіншісі 9-сыныпты тәмамдаған. Қазір аталған фактілер бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция олардың заңсыз әрекетке баруына не себеп болғанын және қылмыстық ортаға кімдердің ықпал еткенін анықтап жатыр.

Жалпы, Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығында есірткі қолданатын 1640 адам есепте тұр. Олардың арасында профилактикалық бақылауға алынған бір кәмелетке толмаған бар.

Есірткі тұтынушылардың арасында каннабис тектес заттарды пайдаланатын азаматтар кездеседі. Бұдан бөлек, жаңа психобелсенді заттарды қолданатындар да бар. Мамандар олардың нақты атауларын жарияламайды. Өйткені мұндай мәліметтердің таралуы қауіпті заттарды жанама түрде насихаттауы мүмкін.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, жалпы қылмыстық жауапкершілік 16 жастан, ал кейбір құқық бұзушылықтар бойынша 14 жастан басталады. Осыған байланысты жасөспірімдер өз әрекетінің заң алдындағы салдарын білуі қажет.

– Есірткіні заңсыз иемдену тек оны ақшаға сатып алумен шектелмейді. Тыйым салынған затты айырбастау, сыйлық ретінде қабылдау немесе тауып алып, өзінде қалдыру да жауапкершілікке негіз болуы мүмкін. Сол сияқты мұндай заттарды сақтау фактісінің өзі қылмыс болып саналады. Оның күндіз немесе түнде, жасырын немесе ашық түрде, ақыға не ақысыз сақталуы құқықтық жауапкершілікті өзгертпейді, – деді аға жедел уәкіл.

Полиция өкілдері жастарға есірткінің құқықтық және әлеуметтік зардаптарын ерте жастан түсіндіру қажет екенін атап отыр.