Павлодарда күзетші миллиондарды кастрөлге жасырып қойған

Павлодарда күзетші миллиондарды кастрөлге жасырып қойған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ұрланған ақшаның басым бөлігі алма ағашының түбінен табылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қаладағы ЖШС-нің бірінен шамамен 25 миллион теңге ұрланған. Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер кәсіпорын күзетшісін күдікті ретінде анықтады.

Бау-бақша серіктестіктерінің біріндегі саяжай учаскесін тінту кезінде 24 миллион теңге табылды. Ақша алма ағашының түбіне көмілген кастрөлдің ішіне жасырылған.

– Күдікті ұсталып, Павлодар қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тәркіленген ақша қаражаты қылмыстық іс материалдарына заттай дәлелдеме ретінде тіркелді, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. Полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.