Павлодарда таңғы төртте жанжал шығарған жас жұбайлар жазаланды
Мұндай құқық бұзушылық үшін ескерту немесе айыппұл салу қарастырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 шілде күні сағат 23.50-де полицияға Малайсары көшесіндегі көппәтерлі үйдің тұрғынынан көршісінің шу шығарғаны туралы қоңырау түскен.
– Сол түні Ломов көшесіндегі тағы бір көпқабатты үйдің тұрғыны полицияға хабарласып, таңғы сағат 04.00-де жанжал шығарған көршілеріне шағымданды. Тәртіп сақшылары тыныштықты бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК 437-бабы бойынша әкімшілік іс қозғады. Сондай-ақ, барлық отбасы мүшелерімен тыныштықты сақтау қажеттілігі туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді, – деді департаментте.
Облыста 2023 жылдың басынан бері тыныштықты бұзғаны үшін 2700-ге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Еске сала кетейік, жұмыс күндері сағат 22.00-ден 9.00-ге дейін, ал демалыс күндері 23.00-ден 10.00-ге дейін шу шығаруға тыйым салынған.
Көршілер демалысыңыз бен тыныштығыңызға кедергі келтірсе немесе үйде қандай да бір шулы жұмыстарды жүргізсе, құқық бұзушыларды ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы бойынша тыныштықты бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту көзделген.