Павлодарда кәсіпкерлерге дүкен сөрелері үшін күрес ережелерін түсіндірді
«Атамекен» палатасында өңірлік сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бастамасымен кеңес өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ӨКП директоры Ерқанат Әбенов өткізген кездесуге кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар мен «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өкілдері қатысты.
Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушев Қазақстанда дүкен сөрелерінде отандық және өзге тауарлардың 30 пайыздық қатынасын сақтау туралы заңнамалық талап бар екенін еске салды.
Бұған дейін отандық тауар өндірушілер бұл қатынасты арттырып, 70 пайызға дейін көтеруді ұсынған болатын.
– Бұл ұсыныстарды Кәсіпкерлер палатасы арқылы жібердік және ол қабылданды. Министрлікте кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға арналған бағдарлама іске қосылды, онда үш миллиард теңгеге дейін жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Мемлекеттік қолдау шараларын алғандарға қарсы міндеттеме ретінде отандық тауарлардың үлесін арттыру көзделген. Ол 50 пайызға дейін ұлғайтылды, – деді Дәулен Қабдушев.
Сондай-ақ, заң бойынша отандық өндірістегі тауарлар арнайы сөрелерде орналасуы керек: олар көз деңгейінде, визуалды қолжетімді жерде тұруы тиіс және «Қазақстанда жасалған» деген арнайы белгі болуы қажет екенін қосты.
– Пайыздық қатынасқа қатысты ішкі сауда ережелерінде де өзгерістер бар. Қазір сөре үлесі фейсинг-тауарлар арқылы есептеледі, яғни сөренің алдыңғы қатарында тұрған өнімдер бойынша. Оның артындағы өнімдер саналмайды, тек бірінші тұрған тауар (фейсинг-тауар) есепке алынады, – деп нақтылады спикер.
Сонымен қатар, департаментке дүкендерден өндірушіге қайтарылатын тауарлардың үлкен үлесі туралы шағымдар бірнеше рет түскен.
– Кәсіпкерлердің айтуынша, қайтарылатын тауарлардың үлесі 25 пайызға жуық, тіпті одан да жоғары болуы мүмкін, – деп мәлімдеді Дәулен Қабдушев.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнара Ақылбекова 2024 жылдың он бір айында ведомствоның аумақтық басқармалары бақылау мақсатында жүргізген өнімдерді сатып алу аясында 1233 өнім сынамасы алынғанын хабарлады. Оның ішінде 740-ы азық-түлік өнімдері (жалпы көлемнің 60 пайызы), ал 493-і азық-түлікке жатпайтын өнімдер.
– Олардың ішінде Қазақстан Республикасы өндірушілерінен 126 сынама (10 пайыз), ЕАЭО елдерінен 594 сынама (48 пайыз), басқа мемлекеттерден 513 сынама (41 пайыз) алынған. Талаптарға сәйкес келмейтін өнімдер 371 сынама бойынша анықталды. Бұл 30 пайызды құрайды. Оның ішінде азық-түлік өнімдерінен 99 сынама (27 пайыз), азық-түлікке жатпайтын өнімдерден – 73 пайыз. Қазақстандық өндірушілердің үлесі – 3 пайыз, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен – 18 пайыз, басқа мемлекеттерден – 78,7 пайыз, – деп нақтылады Гүлнара Ақылбекова.
Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов «Атамекен» отандық бизнестің, соның ішінде сауда желілері мен жергілікті тауар өндірушілердің де дамуын қолдайтынын атап өтті. Ол бизнес өкілдеріне үндеу жасап, олардың алдында ешқандай шамадан тыс талаптар қойылмайтынын және барлығы Қазақстан аумағында бекітілген әрі қабылданған заңнама мен ережелер аясында жүзеге асырылып жатқанын айтты.