Павлодарда көшені абаттандыру мерзімінен кешігуі мүмкін
Әңгіме биыл жылу трассасы жөнделіп жатқан Қамзин көшесі туралы болып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Хасар Хабылбеков өзінің «Instagram» парақшасында мәлімдеді.
– Қамзин көшесіндегі ЖМ-13 жаңа жылу магистралінің құрылысы толығымен аяқталды. Желілердің беріктігіне гидравликалық сынақтар сәтті жүргізілді. Алайда мердігер көшені абаттандыруды белгіленген мерзімде аяқтап үлгермейді. Бүгін жұмыс барысымен кезекті рет тексеріс жасап келдім. Айыппұлға тартылатын мердігерден жұмысты барынша тездетіп аяқтауды талап еттім. Қамзин көшесі бойымен Толстой көшесінен Циолковский көшесіне дейінгі бөлігін жол төсемінің барлық кеңістігін асфальттауды тапсырдым, – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Мердігер жөндеу кестесінің кешігуін жаңбыр мен жер асты суларының көтерілуімен байланыстырды. Ол жөнделген жол 10 қазанға дейін ашылады деп сендірді.
Қала басшысы орынбасарына жұмыстың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстау тапсырмасын жүктеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram