Павлодар зауыты Қазақстанда алғаш рет конвекциялық пешті шығарды

Павлодар зауыты Қазақстанда алғаш рет конвекциялық пешті шығарды
Фото: өңірлік коммуникация қызметі

Ол мұнай өнімдерін жылыту үшін қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

1962 жылдан бастап Павлодар «Имсталькон» зауыты еліміздегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды салуға арналған металл конструкцияларын шығарумен айналысады. Бұл элементтер Көктөбе телемұнарасы, Алматы циркі, Астана және Алматы әуежайлары, Курчатовтағы ядролық технологиялар паркі құрылысында пайдаланылды. Павлодар облысының мұнай-химия, Ақсу ферроқорытпа, Қазақстан электролиз, «Қазақстан алюминийі» АҚ зауыттары да «Имстальконның» металл құрылымдары арқылы салынған.

Серіктестік директор Арғын Шарифқановтың айтуынша, металл конструкциялар зауыты өз жабдықтарын ауқымды түрде тек 2022 жылы жаңартқан. Кәсіпорынды мемлекеттік бағдарлама бойынша «Қазақстан Халық банкі» бір миллиард 150 миллион теңгеге қаржыландырған. Бастапқыда бес жылдық несиенің пайыздық мөлшерлемесі 17,5 пайыз болса, «Даму» қорының көмегінің арқасында ол сегіз пайызға дейін төмендеген.

Бұл ақшаға кәсіпорын жабдықтарының 60 пайызын жаңартып, 11 бірлік техника сатып алды. Өнімнің сапасы мен көлемін жақсартумен қатар, «Имсталькон» цехтарды оқшаулап, жылуды іске қосып, жарықтандыруды жаңартып жұмысшыларға жақсы еңбек жағдайын жасауға тырысты.

– Соның арқасында өндіріс қуаттылығы бір жарым есе артып, енді жылына он мың тонна металл конструкцияларын жасайтын болдық. Қазір технологиялық және металл құрылымдардың жаңа түрлерін енгізіп жатырмыз, – деді Арғын Шарифқанов.

Павлодар металл конструкциялар зауыты модернизациядан кейін әдеттен тыс тапсырысты – жергілікті мұнай-химия зауыты үшін конвекциялық пешті шығара алды. «Имсталькон» директорының айтуынша, осындай жабдықты бұрын Қазақстанда ешкім жасамаған. Пеш мұнай өнімдерін жоғары қысымда және температурада қыздыруға мүмкіндік береді.

– Бұрын құрал-жабдықтарымыз ескі болғандықтан, бұған шамамыз келмейтін. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін жаңа құрал-жабдықтарды сатып алып қана қоймай, бірнеше құрығыны өзіміз құрастыруға тура келді. Біз бұл жобаны ерекше мақтан тұтамыз, – деді спикер.

Зауыттың биыл да атқаратын жұмысы көп. Кәсіпорын қызметкерлері Алматы облысында қытайлық автокөліктерге арналған зауыттардың, Қостанай облысында KIA автокөліктерін шығаратын зауыттың және Сарандағы шина зауытының құрылысына қатысады.