Павлодарлық музыканттың футболкасы мұқтаж отбасыға демеу болды

Павлодарлық музыканттың футболкасы мұқтаж отбасыға демеу болды
Фото: aidarkarimbayev

Белгілі актер Айдар Каримбаев өзінің марқұм досының отбасына көмектесу үшін Иманбектің киімін машинаға дейін айырбастады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Тикток желісінде белгілі актер, блогер Айдар Каримбаев досы марқұм Мұрат Бірмағамбетовтың отбасына көмек көрсету үшін арнайы челлендж ұйымдастырды. Бұл жайлы актер өз Тикток парақшасында жариялады. 

– Өткен жылы досым көз жұмды. Оның артында әйелі мен екі қызы қалды. Мен қалай көмектесетінімді білмедім. Сол кезде олар пәтерге мұқтаж болатын. Әлеуметтік желіден қыстырғышты түрлі затқа айырбастап, үйге дейін жеткен бейнежазбаларды көріп, мен де солай істеуді шештім. Мен Иманбектің футболкасынан бастадым, – дейді блогер әлеуметтік желіде. 

Ол футболканы кофеқайнатқышқа, кофеқайнатқышты кілемге, кілемді мангалға, мангалды электровелосипедке, велосипедті шатырға, шатырды MacBook-қа, MacBook-ты мотоциклға, мотоциклды квадрациклға, оны 1001 розалық сертификатқа, сертификатты Iphone 14 пен құлаққаптарға, оларды IМaс-қа, IМaс-ты көлікке айырбастаған. Ал көлікті ешкім пәтерге ауыстырмай қойған. 

Нәтижесінде блогер көлікті ойнатып, билеттерді 500 теңгеден сатқан. Нәтижесі қорытындысы бойынша, блогер сатқан билеттерден 3 миллион теңге жинаған. Ал көлікті ұтып алған адам марқұмды танитынын және көлікті де сол отбасыға беретіндігін мәлімдеді. Блогер жиналған қаражат пен көлікті марқұмның отбасына табыстады.