Павлодарда хабарсыз кеткен ер адам отбасымен қайта қауышты
Ол жұмыс істеуге кеткенін жақындарына ескертпеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында жыл басынан бері азаматтардың хабар-ошарсыз жоғалуына қатысты 142 өтініш тіркелген. Оның 136-сы бойынша жоғалған адамдардың жүрген жері анықталды.
Мәселен, 4 қазанда Павлодар қаласының тұрғыны полицияға інісінің жоғалғаны туралы арыз берген. Туысының айтуынша, ер адам 24 қыркүйекте үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Сондай-ақ жақындарымен байланысқа шықпаған.
Өтініш түскен күні полиция қызметкерлері жоғалған азаматты іздеуге кірісті. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 44 жастағы ер адамның Железин ауданына қарасты ауылдардың бірінде жүргені анықталды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ер адам танысының ұсынысымен құрылысқа уақытша жұмыс істеуге келіскен. Сөйтіп, ауылға табыс табуға кеткенімен, бұл туралы туыстарына ескертпеген.
Тәртіп сақшылары хабар-ошарсыз жоғалған әрбір азаматты іздестіруге ерекше мән берілетінін атап өтті. Мұндай жағдайларда іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлерімен қатар қосымша күштер, қоғам өкілдері мен еріктілер де тартылады.
Құзырлы орын мамандары ұзақ уақытқа жолға шығуды жоспарлаған азаматтарға бұл туралы туыстары мен жақындарына алдын ала ескертуге кеңес береді. Бұл жақындарының алаңдауына жол бермей, күтпеген жағдай туындаған кезде қажетті шараларды дер кезінде қабылдауға мүмкіндік беретінін айтады.