Павлодарда Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік кеш өтеді

Кеш барысында көпбалалы ананың жеке заттары мен қолөнер бұйымдары көрме ретінде ұсынылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 6 наурыз күні сағат 11:00-де 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Аналар – асыл жандар» атты мерекелік кеш ұйымдастырылады.
– Қоғамдағы ең басты құндылықтардың бірі – әйелдердің еңбегі мен рөлін дәріптеу. Әрбір ана мен әйел өз ісі арқылы еліміздің дамуына, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосуда. Мұндай шаралар бізді бір-бірімізді құрметтеуге, әйелдер мен аналарға деген сүйіспеншілікті арттыруға шақырады. Сонымен қатар, кеш барысында әйелдердің қоғам мен отбасындағы орны, аналардың күрделі өмір жолы, ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы сөз болады, – дейді ұйымдастырушылар.
Шараның басты мақсаты – әйелдер қауымының қоғамдағы маңызды рөлі мен аналардың жанқияр еңбегін насихаттау, олардың қадір-қасиетін ұлықтау.
Кештің құрметті қонағы – көпбалалы ана Жаңагүл Айдаубайқызы. Іс-шара барысында оның жеке заттары мен қолөнер бұйымдары көрмеге қойылады.
Мерекелік кешке студенттер мен оқушылар қатысады.