Павлодар облысында тұрмыстық өрттердің саны үш есеге артқан

Атап айтқанда, тұрғын үйлер, бизнес нысандары мен көліктер отқа оранды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовтың айтуынша, жыл сайын өрт қауіпті кезеңнің өту мәселесі департаменттің ерекше бақылауында болады. Өңірде тұрмыстық өрттердің саны 3 есеге артқан.
– Көбінде электр жабдықтары мен тұрмыстық электр аспаптарын орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі мен газ аспаптарын пайдалану ережелерін бұзып, ғимараттардың жанында от жағу және қоқыстарды жағудан өрт шығады, – дейді ол.
Ал, автокөліктегі өрт көбіне көлік құралдарының ерекшеліктері және адами факторға байланысты. Мысалы, электр кабельдерінің көптігі, электр сымдарының ақаулары, қыста тораптар мен механизмдерді жылыту үшін ашық от көздерін пайдалану.
Қайрат Шаймарденовтың айтуынша, автокөліктегі өртті сөндіру өрттің бастапқы кезінде қолайлы. Сондай-ақ, өрт ошақтары қозғалтқышта және жанғыш материал мен тұтану көзі жақын орналасқан жерлерде болуы мүмкін.
– Тәжірибе көрсеткендей, көлік салонында өртті сөндіру кезінде, капотты ашпай, осылайша отты күшейтетін қосымша оттегін шектеу, өртті сөндіру неғұрлым тиімді болады, – дейді ол.
Ол өрт шыққан кезде өзім өшіріп аламын деген ойда болмай, бірден «101» нөміріне хабарласып, өрт шыққан мекенжайды, не зат, оның қалай жанып жатқанын айтып, өзіңіздің атыңыз бен нөміріңізді де беруді ескертті, себебі ол өрт сөндірушілерді күтіп алып, өрт ошағына жедел апаруға көмектеседі.
Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде 56 көлік өртенген. Жалпы алты айда 341 өрт тіркелді.