Павлодарда кәсіпкерлерге терроризмнің алдын алу талаптары түсіндірілді

Павлодарда кәсіпкерлерге терроризмнің алдын алу талаптары түсіндірілді
Фото: Кәсіпкерлер палатасынан

Терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу жөніндегі семинарды Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кездесуді Павлодар облысы әкімдігі аппараты жанындағы терроризмге қарсы комиссияның бас инспекторы Нәдия Жұмабекова өткізді. Ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы қаулысына сәйкес, адамдар жаппай жиналатын және терроризм тұрғысынан осал нысандарға сауда алаңы 500 шаршы метр және одан да көп болатын объектілер, сондай-ақ сауда алаңына қарамастан, аумағында атыс қаруы мен оқ-дәрі сатылатын нысандар, келушілерге қызмет көрсету залдарының жалпы ауданы 500 шаршы метр және одан да көп болатын қоғамдық тамақтану объектілері, бір мезетте 200 және одан да көп адамның келуіне лайықталған ойын-сауық орындары жататынын атап өтті.

- Сіздер басшы ретінде техникалық жарақтандыруды қамтамасыз етуге міндеттісіздер. Яғни деректерді 30 тәулік бойы сақтайтын бейнебақылау жүйесі, хабарлау жүйесі, күзет дабылы орнатылуы тиіс, нысанның терроризмге қарсы қорғалу паспорты әзірленіп, полициямен келісіліп, әр бес жыл сайын жаңартылуы қажет, – деді Нәдия Жұмабекова.

Сонымен қатар, «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңға сәйкес осы нысандардың басшылары қызметкерлерді оқытуға міндетті екен еске алды. Яғни таныстыру мақсатында нұсқаулықтар беріп, оқу-жаттығулар өткізіп, күдікті заттар анықталған жағдайда не істеу керектігін түсіндіруі тиіс. 

Облыс әкімдігі аппараты жанындағы терроризмге қарсы комиссияның бас инспекторы мұндай нысандарда өткізу режимі де болуы қажет екенін атап өтті. Заң талаптарын орындамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 149-бабы бойынша жауапкершілік көзделген. Терроризмге қарсы қорғау шараларын ұйымдастыру мәселелерінде бизнес субъектілеріне өңірдің кәсіпкерлік және сауда басқармасымен өзара іс-қимыл жасауды ұсынды.

Семинар барысында Павлодар облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл тобының жедел уәкілі Аян Анишев терроризмге қарсы қорғалу шараларының қалай және не үшін қабылданатынын жан-жақты түсіндірді. Оның айтуынша, адамдар жаппай жиналатын орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды толық сақтаған жағдайда ғана кез келген мекеме толық қорғалады.

- Тексеру барысында біз кейбір қауіпсіздік шаралары міндетті емес дейтін пікірмен, «осынша көп» камера қажет емес деген ойлармен жиі кездесеміз. Алайда бұл жерде тек сауда үйіне, кинотеатрға немесе мейрамханаға келген адамдардың ғана емес, сол жерде жұмыс істейтін қызметкерлердің де өмірі мен денсаулығы туралы сөз болып отырғанын түсіну қажет. Нысандардағы «соқыр аймақтарды» яғни назардан тыс қалатын жерлерге камералар қою арқылы жойсаңыздар, қауіптің алдын алуға болады, – деді Аян Анишев.

Таныстыру мақсатындағы нұсқаулықты дін істері департаментінің облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Дәулет Закарьянов өткізді. Кездесу барысында бизнес өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.