Павлодарда көмір сатып алу үшін өтемақы қалай алуға болады?
@Pavlodarnews.kz тілшісі әлеуметтік көмек кімдерге тағайындалатынын анықтады.
Жылыту маусымы кезінде көмір сатып алуға арналған әлеуметтік төлемдерге азаматтардың бірнеше санаты үміткер бола алады.
Әлеуметтік көмек жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы арқылы көрсетіледі. Бұл туралы Павлодар қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мәлім етті.
– Пешпен жылытылатын жеке тұрғын үй қорында тұратын және тіркелген көп балалы отбасыларға, мүгедектігі бар адамдарға, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар отбасыларға қатты отын сатып алуға біржолғы өтемақы беріледі, – деді бөлімде.
Аталмыш өтемақы қалалық мәслихатының 2023 жылғы 15 қазандағы «Павлодар қаласында әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы» №65/8 шешіміне сәйкес бекітілді.
Өтемақы жылыту маусымына 20 айлық есептiк көрсеткiш көлемінде жүргiзiледi (73 840 теңге). Бүгінде екі мыңнан аса павлодарлық тұрғын біржолғы әлеуметтік көмек алған.
Көмір алу үшін қандай құжат керек?
- Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
- Үйдің құжаттарды немесе тұрғын үйді жалға алу шарты;
- Банктік шот туралы мәлімет;
- Пешті жылыту туралы түбіртекті немесе анықтаманы ұсыну қажет.
Қосымша сұрақ туындаған жағдайда Кривенко көшесі, 25 мекенжайына келіп немесе 32-03-83 байланыс телефоны арқылы қоюға болады.