Павлодарда көне тұрмыстың құпияларын ашатын көрме ұйымдастырылады
Іс-шара Павел Васильев атындағы мұражайда өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ескі үйге саяхат» атты көрме келушілерді өткен дәуірлердің тұрмыс-тіршілігімен таныстырып, тарихты көзбен көріп, қолмен ұстап сезінуге мүмкіндік береді. Көрменің ең қызықты жәдігерлерінің бірі – әйгілі «Мастер мен Маргарита» шығармасындағы Бегемот мысық жөндеуге тырысқан примусқа ұқсас құрал. Алайда бұл көрмеде таңғалатын дүниелер мұнымен шектелмейді.
Келушілер қола дәуірінде адамдар тағам дайындаған ыдыстарды көріп, ауыр шойын үтікті өз қолдарымен ұстап көре алады. Сонымен қатар, рубельдің көмегімен кір үтіктеудің қандай болғанын байқап, пештен қазанды арнайы ұстағышпен шығарып көруге немесе заманауи калькулятордың арғы атасы саналатын есепшотпен есеп жүргізуге мүмкіндіктері болады.
– Көрмедегі әрбір жәдігер – өткен заманға бастайтын өзіндік уақыт машинасы. Олар адамдардың тұрмысын, күнделікті тіршілігін, қуанышы мен қамын бүгінгі ұрпаққа жеткізеді. Бүгінде музей экспонаты саналатын заттар бір кездері отбасы өмірінің ажырамас бөлігі болған. «Ескі үйге саяхат» көрмесі Торайғыров университетінің Ә.Х. Марғұлан атындағы Археологиялық зерттеулер орталығымен, Александр Монастырскийдің жеке музейімен және павлодарлықтардың жеке коллекцияларымен бірлесіп әзірленді, – деді Павел Васильев атындағы мұражайдың қызметкерлері.
Көрме балалар мен ересектерді өткенмен оқулық арқылы емес, өз дәуірінің рухын сақтап қалған шынайы заттар арқылы танысуға шақырады. Мұнда әрбір бұйым өз тарихын айтып, келушілерді таңғалдырып, өткен мен бүгінді салыстыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, көрме бір ай бойы күн сайын сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Балалар мен зейнеткерлер үшін билет құны 300 теңге болса, ересектер үшін – 500 теңге.