Павлодарда мұз қалашығын қалпына келтіре бастады
Жауын мұз құрылыстарының небары екі-үш процентін бұзды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мұз қалашығы иллюминация, фотоаймақ, кіші архитектуралық формалар, светодиодтық шамдар секілді әртүрлі материалдардан жасалған нысандардан тұрады. Барлық жұмыстарға 52 миллион теңге бөлінді, қаражаттың барлығы игерілді. Элементтердің бір бөлігі ғана мұздан жасалды. Атап айтсақ, сырғанақ табандары мен лабиринт. Жауын соңғысына нұқсан келтірген.
- Мұз қалашығы бойынша жұмысты 5 желтоқсанда бастадық. Оны 22 желтоқсанда бітірдік. Қазіргі таңда күннің күрт жылынуынан бізде бір-екі элемент мұзы еріді. Бірақ мердігер бар, өзіміз бар: мұз жинап қойдық, мұндай жағдайға. Ауа температурасы -5-10 градусқа дейін түскенде бәрі орнына келтіріледі, - дейді қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы Гизат Смайылов.
Мамандар ауа-райының болжамымен танысқанын айтады.
- Әрине, ауа-райын зерттеп отырамыз, бірақ ол өте тез өзгереді. Мұндай жағдайға біз қосымша мұз блоктарының жиынтығын сақтаймыз. Мердігер оларды тез алмастырады. Менің пікірім, мұз қалашығы шаһарға қажет. Мұны Павлодар тумасы ретінде айтып тұрмын. Тұрғындар мені қолдайды деп ойлаймын. Қалашық бір күнге емес, тұрғындар онда ақпанға дейін демалып жүреді ғой, - деді коммуналшы.
Мұз қалашығы аумағында қатты соққан жел шыршаны құлатқан еді. Жаңа жылдың бас символы қазірде орнына қойылды. Бірте-бірте басқа да қалпына келтіру жұмыстары басталды.