Железин ауданында жаңартылған мәдениет үйі ашылды
Күрделі жөндеуге 89 миллион теңгеден астам қаражат кетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Сәуірде Еңбекші ауылындағы мәдениет үйінің күрделі жөндеуі басталып кеткен болатын. «НамысСтрой» ЖШС мердігерлік ұйымы ғимараттың жылу жүйесін, терезелер мен есіктерді толық ауыстырумен айналысты. 24 шілдеде күрделі жөндеуден кейін Еңбекші ауылдық мәдениет үйі есіктерін айқара ашты.
– Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді. Жаңадан шатыр қойылып, аспалы төбелер орнатылды. Құбырлар мен электр сымдар жаңартылды. Сыртқы аумақ абаттандырылып, шағын архитектуралық формалар қойылып, кеспе тас төселді. Өрт дабылы орнатылды. Сондай-ақ, мәдени ұйымдастырушының кабинетіне жаңа жиһаз, сахна киімі сатып алынды, – деді Железин ауданының ішкі саясат бөлімінде.
Жөндеу барысында заманауи материалдар пайдаланылды, алғаш рет желдету және ауаны баптау жүйесі орнатылды. Мәдениет үйінде дойбы, қолөнер шеберлігі бойынша үйірмелер, «Ақ кербез» вокал тобы, «Достар» ересектер би және «Жұлдыздар» кіші би тобы бар. Ғимараттың күрделі жөндеуіне облыстық бюджеттен 89 миллион теңгеден астам жұмсалды.