Павлодарда мамандандырылған ХҚКО қалыпты жұмыс режиміне оралды

Жүргізуші куәлігін алу үшін практикалық емтихан қабылдау қайта басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Павлодар облысы бойынша филиалы Космонавтар көшесі, 2 мекенжайында орналасқан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жүргізуші куәлігін алу үшін практикалық емтихан қабылдау қайта басталғанын хабарлайды.
Бұған дейін жұмыс уақытша тоқтатылуына себеп болған техникалық ақаулар толықтай жойылды. Қазіргі уақытта мамандандырылған ХҚКО қалыпты режимде жұмыс істеп, емтихан қабылдау әдеттегі тәртіппен жүргізілуде.
Филиал мамандары тұрғындардың уақытша қолайсыздықтарға түсіністік танытып, сабырлықпен күткені үшін алғыс айтады.