Павлодарда мас жүргізуші қамауға алынды
Ол жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шараны өткізу барысында 28 жастағы жүргізуші ұсталды. Оның Мерседес маркалы автокөлігін есірткілік мас күйінде жүргізгені медициналық куәландыру қорытындысымен расталды.
– Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материал сотта қаралды. Сот қаулысымен жүргізуші жеті жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айырыла отырып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, – деді полиция департаментінің баспасөз қызметінде.
Айта кету керек, жыл басынан бері облыс бойынша автокөлікті мас күйінде жүргізудің 1176 фактісінің жолы кесілген. Мас жүргізушілердің кесірінен 21 ЖКО орын алып, 14 адам қаза тапқан. Сонымен қатар тағы 19 адам жарақат алды.