Павлодарда «Майра мектебі» шәкірттері Майраның әнін әуелетті

Павлодарда «Майра мектебі» шәкірттері Майраның әнін әуелетті
Фото: Автор

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Күміс көмей әншіМайра» атты әдеби сазды кеш өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Халық әншісі, композитор Майра Шамсутдинованың 135жылдығына орай ұйымдастырылған шарада «Майра мектебі» шәкірттері Майраның әнін шырқады.

Киелі Кереку жерінде дүниеге келген ерекше дарын иесі,зор даусымен талайды тамсандырған халық әншісі, композитор Майра Уәлиқызы заманында әншілік, сазгерлік, ақындық шеберлігімен жұртшылықты тәнті еткен өнер иесі атанған. «Қызы едім Уәлидің атым Майра!»- деп асқақтата айтылатын ән әншінің бағын ашып, халқына танымал болуына себеп болған.

Өнер иесі 1890 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген. Жастайынан әншілік өнерге ден қойған Майрақазақ, татар, орыс тілдеріндеәнді шеберлікпен орындаған.

–  Атақты әншi сазгер өзiнiң сахналық өмiрiн ерте бастаған. Тоғыз жасынан сырнайда тартып үйреніп, он үш жасынан әншiлiк өнерге ден қойған, – дейді ҚР мәдениет қайраткері Асан Әбдікәрімов. – Майраның дарынды даралығы әншiлiгi, сазгерлiгi, орындау қабiлеттiлiгi кәсiби дәрежесiне жеткен.

Композитор Баянауыл, Ертіс өңірі, Семей, Қоянды жәрмеңкелеріндеИса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Қажымұқан Мұңайтпасов, Естай Беркімбаев сынды өнер саңылақтарымен бірге өнер көрсетіп, есімі елге танылған.

Сазгер әншінің әншілік өнерінің әділ бағасын берген белгілі музыка жинаушысы, этнограф Александр Затаевич 1926 жылы онымен кездесіп, әншінің жеке шығармашылығынан және 13 халық әнін жазып алған.

Халық әншісі «Майра», «Қызыл гүл», «Өкшесі етігімнің айнала жез», «Бақша», «Ақ дариға», «Ахау үрия-ай» секілді көптеген әндердің авторы.

Еске сала кетейік, Ертіс өңірінің сүйікті әншісі, композитор Майра Уәлиқызының туғанына 135 жыл толуына орай өңірдің мәдениет мекемелерінде атақты жерлесіміздің өмірі мен шығармашылығына арналған іс-шаралар легі басталып кеткен. Музыкалық, сазды кештер, тақырыптық дәрістер, ақпараттық, музыкалық сағаттар, көрмелер және тағы басқа көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Майра Шамсутдинованың музей-үйінде халық әншісінің кереуеті сақталған.Халық арасында осы төсек-орынға тұрмысқа шықпаған қыз отырса, отбасын құрады деген ырым қалыптасқан.