Павлодарда мектеп дәретханасына «бомба қойған» адам іздестірілуде
Жарылғыш құрылғы табылған жоқ, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Рolisia.kz ақпараттық-медиа порталының мәліметінше, 2 қазанда сағат 14.10-да 102 телефонына мектеп директорынан жарылғыш құрылғы туралы хабарлама түскен. «№26 ЖОББМ дәретханасына бомба қойылды» деген хабарлама директордың қалалық телефонына түскен.
– Мекенжай бойынша шұғыл қызметтер дереу жіберілді, оқу орнының оқушысы мен персоналы эвакуацияланды. Оқиға орнында саперлер жұмыс істеуде, ғимаратқа және оның айналасына тексеру жүргізілуде. Аталған фактіге қатысы бар адамды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде, – деді департаментте.
Полиция терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатынын және бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салады.