Павлодарда мемлекетаралық іздеуде жүрген шетелдік ұсталды

Ол аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында өнеркәсіптік объектілердің бірінде аса ірі мөлшерде алаяқтық жасауда мемлекетаралық іздеуде жүрген шет мемлекеттің азаматы анықталды және ұсталды.
– Қазіргі уақытта ұсталған адам уақытша қамауда ұстау изоляторында. Оны іздестіруге бастамашы болған елге экстрадициялауды ресімдеу бойынша жұмыс жүргізілуде, – деді департаментте.
Полицейлер ЖПШ өткізудің үш күнінде 262 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның 175-і шетелдіктер, 87-і ҚР азаматы. 13 шетел азаматы шығарып жіберілді, сотқа 5 материал азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шығарып жіберуге жолданды.