Павлодарда мемлекеттік қызметтің жаңа буыны қалыптасып келеді

Павлодарда мемлекеттік қызметтің жаңа буыны қалыптасып келеді
Фото: Константин Шелков

Өңір мамандары басқа аймақтарда сұранысқа ие, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты жиында  сала ардагерлері мен үздік мамандар марапатталды. Шара барысында мемлекеттік қызметтің дамуы, жаңа буын мамандарын тарту және қызметкерлердің қоғам алдындағы жауапкершілігі сөз болды.

Жиында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мәдияр Әбілдин мемлекеттік қызметтің ел дамуы жолындағы маңызына тоқталды.

Мемлекеттік қызмет – жай ғана мамандық емес. Бұл - мемлекетті нығайтуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ерекше миссия. Заманауи басқару құралдары қаншалықты жетілдірілсе де, олардың шынайы құндылығы сол құралдарды қолданатын адамдарға және олардың ұстанатын құндылықтарына байланысты, – деді ол.

Мадияр Әбілдиннің айтуынша, бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекеттік аппараттың тиімділігі артып, цифрлық технологиялар кеңінен енгізілуде. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшінің мінсіз беделі мен адалдығы басты талаптардың бірі болып қала береді.

Бұл пікірмен Павлодар облысы ветеринария басқармасының басшысы Асылтас Тілеубаев толық келіседі. Ведомство басшысы мемлекеттік қызметтегі тәжірибесімен бөлісті. Ол бұл салаға саналы түрде келіп, бүгінде мемлекеттік қызметте 16 жыл еңбек етіп келеді.

Мақсатымыз – елге қызмет ету. Өз күш-жігерімізді еліміздің дамуына, экономикалық өсіміне үлес қосуға бағыттаймыз. Мемлекеттік қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әр қызметкер өзінің жүріс-тұрысымен де, кәсіби деңгейімен де мемлекеттік қызметші деген атқа лайық болуы керек, – деді басқарма басшысы.

Басқарма басшысы сондай-ақ Павлодар өңіріндегі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мектебі қалыптасқанын атап өтті.

Біз тәжірибелі аға буыннан көп нәрсе үйрендік. Сол кісілердің тәлімі мен тәжірибесі бүгінгі жұмысымызға негіз болды. Өңірлік мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі еліміздің басқа өңірлерінде де жоғары бағаланады», – деді Асылтас Тілеубаев.

Шарада жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту мәселесі де көтерілді. Павлодар ауданының ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мерейлім Уәлихан мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуын аяқтағаннан кейін байқаусыз жұмысқа орналасқанын айтты.

Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін тәжірибесі жоқ мамандарға жұмыс табу әрдайым оңай емес. Сондықтан, жастарға беріліп отырған мұндай мүмкіндік өте маңызды. Қазіргі таңда туған өлкемде еңбек етіп, тәжірибе жинақтап жатырмын, – деді ол.

Жас маман саясаттану мамандығын таңдағанын және мемлекеттік қызметті сол мамандықтың табиғи жалғасы деп есептейтінін жеткізді.

Салтанатты жиын соңында мемлекеттік қызмет ардагерлеріне, сала қызметкерлеріне және кәсіби мерекесін атап өткен ішкі істер органдарының өкілдеріне алғыс айтылып, жаңа жетістіктер мен табыстар тіленді.