Павлодар театры алғашқы режиссерінің есімін мәңгі есте қалдырды

Павлодар театры алғашқы режиссерінің есімін мәңгі есте қалдырды
Фото: автор

Ерсайын Тәпенов – алғашқы актерлік құрамды жинап, шығармашылық бағытты анықтап, репертуарлық саясатты қалыптастырған тұлға, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ерсайын Тәпеновтің есімі Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының кіші залына берілді.

1990 жылы Ертіс-Баян өңірінде қазақ театрының қайта жаңғыру дәуірі басталған кезде Ерсайын Тәпенов Павлодарға шақырылып, Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының іргетасын қалаушылардың бірі болды.

Осы жылдары Ерсайын Тәпенов тек режиссер ғана емес, ұжымның рухани ұстазы, тәрбиешісі, ұйымдастырушысы бола білді. Ол жас актерлердің бойында сахна мәдениетімен қатар, адамгершілік пен ұлттық рух қалыптастырды. 

– Ерсайын Тәпеновтің еңбегі тек Павлодар өңіріне емес, еліміздің мәдени тарихына тиесілі. Кіші залға есімін беру – ұлт өнеріне, ұлт ұстазына тағзым, – деді облыстың мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан.

Театр директоры Арман Темірбек те бұл бастаманың символдық мәніне тоқталды. 

– Ерсайын ағамыз – осы театрдың алғашқы дем берушісі, шығармашылық мектебін қалыптастырған тұлға. Кіші зал енді жас режиссерлер мен актерлердің алғашқы қадамдарын жасайтын қасиетті сахнаға айналады. Сол үшін бұл есімнің берілуі – өте орынды әрі маңызды шешім, –  деп бөлісті ол.

Ал режиссердің қарындасы Мария Тәпенова ағасының адамдық болмысы мен отбасы алдындағы жауапкершілігі туралы әсерлі естелік айтты. 

– Біз жеті бала едік, мен ең кенжесімін. Әкемізден ерте айырылдық. Сол кезде Ерсайын ағам бізге әке де, аға да болды. Театр оның өмірінің мәні болса да, бізді ешқашан ұмытқан емес. Ол бізге әрдайым «адал болыңдар, еңбек етіңдер, елге пайдаларың тисін» деп айтатын. Ағамның өмірі – еңбек пен мейірімнің үлгісі, – деді қарындасы.

Шара барысында режиссердің шәкірттері мен әріптестері естеліктерімен бөлісті. 

– Ерсайын аға – менің алғашқы кәсіби режиссерім, өнердегі әкем іспетті жан. Ол сахнада қатал, өмірде мейірімді еді. Бізді әр өңірден жинағандықтан, өз аймағымызға барған кезде, бізді әрдайым басты рөлге шығарып, өнерімізді елге танытып, беделімізді көтеруге ерекше мән беретін, – деп есіне алды театр әртісі Ақық Таспаева.

Әртістің сөзінше, Ерсайын Тәпенов – қазақ сахна өнерінің кәсіби мектебін қалыптастырған тұлға. Ол жас әртістерге тек рөл ойнауды емес, кейіпкер болуды да үйреткен. 

Шара аясында Ерсайын Тәпеновке арналған естелік бұрыш ашылды. Онда режиссердің жеке заттары, қойылым афишалары, сахнадағы сәттер бейнеленген фотосуреттер, қолжазбалар мен марапаттары қойылған.

– Адам өлген күні емес, ұмытылған күні өледі. Біз Ерсайын ағамызды ұмытпаймыз. Оның ізі осы сахнада, әр рөлде, әр әртістің жүрегінде мәңгі сақталады, – деді театр әртісі Жұмахан Доспаев.

Арман Темірбектің айтуынша, Ерсайын Тәпенов алғашқы актерлік құрамды жинап, шығармашылық бағытты анықтап, репертуарлық саясатты қалыптастырды. Сол кезеңде сахналанған Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан», Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», сияқты туындылары театр тарихындағы ең әсерлі спектакльдердің бірі болды. 

Бұл ретте, театр ұжымы келесі жылы өтетін «Ертіс-Баян» республикалық театр фестивалін Ерсайын Тәпеновтің 80 жылдық мерейтойына арнау туралы шешім қабылдады.

Айта кетейік, Жүсіпбек Аймауытов театры 36-шы маусымның шымылдығын ашты. Маусымның алғашқы премьерасы мұғалім мамандығының қадір-қасиетіне арналған.