Павлодарда «Найзатас» журналының фан-клубы құрылды
Фан-клуб журналға жазылған жас оқырмандар арасында ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Найзатас» журналының жауапты хатшысы Еламан Қабділәшім облыстағы университеттер, колледждер мен мектептерден барлығы 60 студент пен оқушы «Найзатас» журналына жазылып, замандастары мен қатарластарына үлгі-өнеге көрсеткенін атап өтті.
– Біздің оқырманның қатары тағы 60 жалынды жаспен толықты. Біз бұл ынталы топтың басын құрап, «Найзатастың» достары» фан-клубын құрдық. Кеше фан-клуб мүшелерінің алғашқы жиыны болды. Жиында жас достарымызға жазылу түбіртегі табысталды. Жазылушылардың басым көпшілігі – Ә.Марғұлан атындағы ППУ-дің жанынан құрылған «Құсқанат-ғұмыр» әдеби бірлестігінің мүшелері, – деді Еламан Қабділәшім.
Жиынға редакция ұжымы – әдеби қызметкер Алтын Айтқалиева және ақындар, «Сарыарқа самалы» газетінің веб-редакторы Алтынбек Елемесұлы, Pavlodarnews.kz ақпараттық порталының тілшісі Оразбек Саяхат қатысып, кітап оқу машығы, мақала жазу шеберлігі туралы ойларын ортаға салды.
«Найзатастың» достарының» қатарында журналистикада алғашқы қадамдарын жасап жүрген жастар да бар. Солардың бірі – Айзада Сағидолла. Ол – Ә.Марғұлан атындағы ППУ-нің «PPU-Media» бірлестігінің жетекшісі, бірнеше республикалық басылымның «Жас тілшісі».
– Қазір газет-журнал оқылмайды, ғаламтор дамыған заманда дәстүрлі баспасөз керек емес деген пікірлер жиі айтылады. Меніңше, кітапты, газет-журналды қолға алып, иісін сезініп оқығаннан артық рахат жоқ. Сол себепті, біз, университеттегі достарымызбен бірге, «Найзатас» журналына жазылдық, – деді Айзада Сағидолла.
Айта кетейік, «Найзатас» журналының «Мөлдір муза» поэзия клубы мен студенттердің әдеби бірлестігі соңғы уақытта бірнеше әдеби-мәдени жиын өткізді. Журнал беттерінде Әбілхан Марат, Кербез Қабытаева, Әйгерім Мүлікқызы қатарлы студент-ақындардың өлеңдері жарияланды.
Фото: Есенжол Исабек және Константин Шелков