Павлодарда не себепті ата-аналар логопедке жиі жүгінуде?

Павлодарда не себепті ата-аналар логопедке жиі жүгінуде?
Фото: Яна Марцынкевич

Логопед-дефектолог маманы Яна Марцынкевич жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Оның айтуынша, соңғы жылдары сөйлеуінде кешігуі бар балалардың саны едәуір артқан. Маман бұл жағдайды ерте диагностика мен ата-аналардың бала тәрбиесіндегі белсенділігінің жеткіліксіздігімен байланыстырады.

– Қазір ең жиі кездесетін жағдай – сөйлемейтін балалар, яғни сөйлеу тілі қалыптаспаған немесе фразалық сөйлеу дамымаған балалар. Көп ата-аналар үш жасқа дейін күтеді, «өзі сөйлеп кетеді» деп ойлайды. Бірақ бұл – үлкен қателік. Егер бала екі жасқа дейін сөйлей алмаса немесе қарапайым сөздерді түсінбесе, маманға жүгіну қажет, – дейді Яна Марцынкевич.

Логопед-дефектологтың сөзінше, сөйлеу қабілетінің кешеуілдеуіне әртүрлі себептер әсер етеді. Кейбір жағдайларда бұл орталық жүйке жүйесінің бұзылуымен, босану кезіндегі гипоксиямен немесе жүктілік кезінде анасының ауырған инфекциялық ауруларымен байланысты болуы мүмкін. Ал кейде мәселе ата-ананың педагогикалық немқұрайлылығынан туындайды.

– Қазір балалар көп уақытын телефон немесе планшет алдында өткізеді. Оларға мультфильм қосып қояды да, ата-аналар өз істерімен айналысады. Ал тілдің дамуы тек тірі қарым-қатынас арқылы қалыптасады. Егер баламен сөйлеспесе, ол да сөйлесуді қажет деп сезінбейді, – деп түсіндіреді дефектолог.

Яна Марцынкевичтың айтуынша, ата-аналардың балаға деген қарым-қатынасы мен назары сөйлеу дағдыларының дамуына тікелей әсер етеді. Егер үйде жиі сөйлесіп, бірге ойнап, сұрақтар қойып, жауап күтіп отырса, бала да белсенді түрде тілді меңгере бастайды.

Сөйлеуді дамытуға бағытталған түзету жұмысы – ұзақ әрі жүйелі процесс. Бір бала үшін нәтиже жарты жылда байқалса, кейбіріне бір жылдан артық уақыт қажет болуы мүмкін.

Маман кей ата-аналардың дәстүрлі наным-сенімдерге сүйенетінін де айтады.

– Кейбір отбасыларда «арқанмен баланың мойнын орап тарту» немесе «тіл байлауды шешу» секілді халықтық ырымдар әлі күнге дейін кездеседі. Мұндай әрекеттер баланың сөйлеуіне әсер етпейді, бұл тек психологикалық тыныштық үшін жасалатын шара ғана. Нағыз нәтиже – тек кәсіби тексеріс пен жүйелі түзету жұмысының арқасында келеді, – дейді ол.

Логопед баланың сөйлеу қабілетіне алаңдаған ата-аналарға уақыт оздырмай диагностикадан өтуге кеңес береді.

Яна Марцынкевич ата-аналарға келесі кеңестерді ұсынады. Атап айтқанда:  баламен күн сайын сөйлесу, сұрақ қойып, жауап күту, кітап оқу, ертегі айтып беру, гаджеттерді шектеу – үш жасқа дейін мүлде бермеу ұсынылады, қозғалыс белсенділігін арттыру – серуендеу, секіру, ойнау, баланың қызығушылығына сай ойын арқылы дамыту, әрқашан эмоциялық байланыс орнату – жылы сөз, мақтау, қолдау.  

Алғашқы нәтижелер көбіне баланың қоршаған ортаны түсіну қабілетінің жақсаруы, қимыл-қозғалыс үйлесімділігінің артуы және қарапайым сөздерді айтуынан көрінеді.

– Балалармен жұмыс істеу қиын емес, себебі олар өте икемді, бәрін тез қабылдайды. Ең қиыны – кейде ата-аналардың сабырсыздығы. Көпшілігі нәтижені тез күтеді. Ал сөйлеу тілі бір-екі аптада қалыптаспайды. Бұл жүйелі әрі бірлескен еңбекті қажет ететін процесс, – дейді логопед.

Маманның айтуынша, ерте жастағы түзету жұмысы – баланың болашақ өміріндегі үлкен өзгерістердің бастауы.

Баланың сөйлеуінің кілті – ата-ананың махаббатында, назарында және уақытының сапасында.