ChatGPT Edu: жасанды интеллект Павлодар облысының педагогтеріне қалай көмектесуде?
Өңірге пилоттық жоба аясында 3963 лицензия бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, облысқа бөлінген лицензияның ішінде 420-сы – мектепке дейінгі ұйымдарға, 2997-сі – орта білім беру ұйымдарына, ал 546-сы колледждерге арналған.
Білім беру жүйесін цифрлық трансформациялау аясында іске қосылған пилоттық жобаның негізгі мақсаты – оқыту сапасын арттыру үшін жасанды интеллектіні енгізу. Сонымен қатар, бұл педагогтердің жұмыс тиімділігін күшейтіп, оқушылардың зерттеушілік әлеуетін дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.
Павлодарлық педагогтер бүгінде жасанды интеллект технологияларын өз жұмыстарында белсенді қолдануда. Олардың пікірінше, ChatGPT уақытты үнемдеп қана қоймай, білім беру процесін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Осындай ұстаздардың бірі – Екібастұз қаласындағы №17 мектептің оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әрі тарих пәнінің мұғалімі Гүлден Жүнісова. Оның айтуынша, жасанды интеллект әкімшілік жұмыстарда да, сабақ беруде де маңызды көмекшіге айналған.
– Директордың орынбасары ретінде ChatGPT стратегиялық жоспарлау, білім сапасына мониторинг жүргізуді талдау, мектепішілік бақылау ережелері мен әдістемелік ұсынымдар әзірлеуде көмектеседі, – дейді ол. – Ал тарих пәнінің мұғалімі ретінде сабақ жоспарларын дайындауда, тесттер мен функционалдық сауаттылыққа арналған тапсырмалар құрастыруда тиімді құрал болып отыр.
Гүлден Жүнісованың айтуынша, тарих сабақтарында ChatGPT тарихи тұлғалардан сұхбат алу, оқиға орнынан репортаж жүргізу, іскерлік ойындар ұйымдастыру секілді әдістерді қолдануға мүмкіндік береді. Бұл сабақтарды қызықты әрі мазмұнды етіп, оқушылардың ынтасын арттырады.
Мектеп бағдарламасына жасанды интеллектіні енгізу тәжірибесімен Тереңкөл ауданындағы Байқоныс орта мектебінің математика және физика пәндерінің мұғалімі Данияр Баязитов те бөлісті. Ол ChatGPT-ді жиынтық бағалауға дайындық кезінде, сондай-ақ математика мен физика пәндерінен әртүрлі деңгейдегі тапсырмалар дайындауда қолданады.
– Жасанды интеллект күнделікті дайындыққа кететін уақытты едәуір қысқартады, – дейді педагог. – ChatGPT математикадан түрлі форматтағы тапсырмаларды: мәтіндік есептерді, кестелерді, сәйкестендіру тапсырмаларын жылдам құрастыруға көмектеседі. Ал физика пәнінде балаларға түсінікті әрі жақын болатын өңірлік мазмұндағы есептерді таңдауға болады. Бұл сабақты қызықты әрі өмірмен байланысты етуге жол ашуда.
Педагогтердің пікірінше, ChatGPT Edu жобасы қазіргі мектеп өмірі үшін аса өзекті. Себебі мұғалімдер үлкен жүктемемен және ауқымды құжат айналымымен жұмыс істейді. Ең бастысы – жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, керісінше, оның балалармен жұмысқа және білім сапасына көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді. Бүгінде ол электронды журнал немесе интерактивті тақта секілді педагогтің негізгі жұмыс құралдарының біріне айналып келеді.
Бұл әсіресе ауыл мектептері үшін маңызды. Себебі технологиялар олардың да заманауи білім беру материалдарына қалалық мектептермен тең дәрежеде қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу зор мүмкіндіктерге жол ашпақ. Мәселен, жекелендірілген оқытудан бастап, функционалдық сауаттылықты дамытуға, оқушылардың сыни ойлау және цифрлық мәдениет дағдыларын қалыптастыруға дейін ықпал етері сөзсіз.